Алматы құрылысының жаңа ережелері қала үшін несімен маңызды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов бір ай бұрын қабылданған жаңа құрылыс ережелерін еске салды. Ол жаңартылған талаптардың артықшылықтарын айтты және мегаполистің дамуына қалай әсер ететінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алмасхан Ахмеджанов жаңа ережелерді қабылдау алдында «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы»заңдарға өзгерістер енгізілгенін хабарлады. «Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша жасалған құжат бойынша мұқият жұмыс жүргізілді. Алматылықтарды алаңдатып отырған барлық жағдайлар ескерілді. Сонымен қатар құрылыс компанияларының заңды мүдделері де қарастырылған», - деді Алмасхан Ахмеджанов. Мысалы, құрылыс салудың жаңа ережелерін қабылдағаннан кейін құрылыс салушылар жобалау алдындағы құжаттаманы алғанға дейін құрылыс жобаларына қоғамдық талқылау жүргізуге міндетті. Эскиздік жобаны әзірлеу кезінде құрылыс салушы:

- ерекше құрылыстық реттеу аймақтарында (мысалы, орталықта) регламентті сақтауға;

- қабаттылықты сақтауға;

- әлеуметтік инфрақұрылымның (медициналық мекемелер, балабақшалар мен мектептер, полиция пункттері) болуын ескеруге;

- халықтың тығыздығын есептеуге тиіс.

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы жаңа ережелер бойынша халықтың тығыздығы:

- тарихи орталықта гектарына 300 адамнан

- қалған аумақтарда 440 адамнан аспауы керек деді.

«Аула аумақтарының салынуына жол бермеу үшін бір адамға 10 шаршы метр ауланың нормасы енгізілгені маңызды, оның төрттен бір бөлігі жасыл желектерге бөлінеді. Неліктен осы немесе басқа нысан ережелерге сәйкес келмейді деген сұрақтарға келетін болсақ, мен ережелердің барлық талаптары тек жаңа құрылысқа қолданылатынын еске саламын, өйткені заңның кері күші жоқ», - деді бас сәулетші.

Мемлекет басшысының мегаполисті дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ережелерде Алматының қайталанбас сәулеттік келбетін сақтауға және әрбір қала тұрғынына арнап отырғызылған жасыл желектердің санына ерекше орын берілген.


Соңғы жаңалықтар