Алматы күні: Алма фестивалінің көкжиегі барынша кеңеймек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қала күнін тойлауға барынша дайындалуда. Биылғы алма фестивалі Apple Fest өзінің көкжиегін барынша кеңейтпек.

Бұл туралы қалалық Мәдениет басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Биылғы алма базары қаланың екі шетінде ашылмақ. Бірі -Тұңғыш Президент саябағында, екіншісі - Орталық мәдениет және демалыс саябағында.

Биылғы жылы мерекенің қанатын кеңге жаюына байланысты ұйымдастырушылар бұл шараға алматылықтар мен қалаға келушілер саны бұрынғыдан да көп болады деп күтуде.

«Мейрам қарсаңында қалада бір ай бойы 20-дан астам мәдени-қоғамдық шаралар өтізіледі. «ARTBATFEST 5» Халықаралық қазіргі заманғы өнер фестивалі аясында «Ақыл-парасат қаласы» атты тақырыпқа біріктірілген көрмелер, мастер-класстар, көшелік театрландырылған және би қойылымдары, жас суретшілер көрмесі, ТМД қазіргі өнер көрмесі, «VanGoghAlive» мультисенсорлық көрмесі («Ванг Гогтың Тірілген кескіндемелері») өткізілмек. Сондай-ақ, ТМД елдерінің қуыршақтар театры фестивалі, «Алматы - менің алғашқы махаббатым» музыкалық ретро-фестивалі, «Оркестрлер шеруі» атты ашық аспан астындағы оркестрлік музыка фестивалі, Омбы мемлекеттік академиялық драмалық театрының гастрольдері, «GakkuTV» жаңа музыкалық телеканалдың ашылуына орай қазақ эстрада жұлдыздарының концерті, «Евразия» халықаралық кинофестивалі, «Алматымды жырлаймын» тақырыптық шаралар циклі, «Muzzone 2014» Евразиялық музыкалық бәйгесі ұйымдастырылады деп жоспарлануда», - деді қалалық Мәдениет басқармасының баспасөз хатшысы Рашида Тілебалдиева.

Өткен жылы Алматы күнін тойлауға 120 мыңнан астам тұрғын атсалысқан еді. Биылғы фестиваль бұдан көп келушілерді қарсы алмақ.

Соңғы жаңалықтар