Алматы көшелерінде жұмыс күндері 555 мыңға дейін көлік жүреді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы көшелерінде жұмыс күндері 555 мыңға дейін көлік жүреді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Серік Байғанин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикердің айтуынша, «Сергек» зияткерлік жүйесі қаладағы көліктердің саны мен олардың негізгі бағыттары, сапарлардың ұзақтығы мен көлік құралдарының экологиялық әсері туралы көптеген деректі жинауға және өңдеуге мүмкіндік береді.

Айтуынша, қазір Алматыда жұмыс күндері 555 мыңға дейін көлік жүреді, оның ішінде таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытта 170 мыңға дейін көлік қозғалысы байқалады. Барлық көліктер тәулігіне 16 млн км жол жүреді. Осы деректердің көмегімен қаладағы тартылыс аймақтарын анықтауға, болашақ маршруттарды болжауға, сол арқылы болашақ жол-көлік қозғалысының моделін құруға болады.

Серік Байғанин «Сергек» тек жол қауіпсіздігі ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікті де қамтамасыз ететінін атап өтті. Камералар қаланың криминогендік аймақтарында, мектептердің жанында, тұрғын үйлердің аулаларында орнатылған. Камералардың орналасатын жерін Полиция департаменті тек жол-көлік оқиғалары мен ондағы адам өлімі бойынша ғана емес, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша да жағдайды талдауға байланысты таңдайды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыда «Сергек» камералары орнатылғалы бері жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандар саны 40%-ға (2019 жылғы 161-ден 2022 жылы 96-ға дейін) қысқарған.


Соңғы жаңалықтар