Алматы көшелерінде тауыс жүр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы көшелерінде экзотикалық құстар - тауыстар кезіп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Экзотикалық құстардың фотосы Инстаграм желісіндегі Kris_p паблигінде жарияланған.

Құстардың Шаляпин-Әшімов көшелері қиылысында қауіпті жерде жүруі желі қолданушыларының алаңдаушылығын туғызды.

Олардың көпшілігі құс иесінің бейғамдығына, қаталдығына таң қалысты.

Аталған дерекке байланысты қалалық зообаққа хабарластық.

«Бұл суреттердің біздің құстарға қатысы жоқ. Біздің зообақта тауыстар түгел. Құстарды санап отырамыз. Дәл қазір олардың түлейтін кездері. Сондықтан, қанаттарын жұлғанда ауырады деген бос сөз. Сонымен қатар, олар мінезді құстар. Егер адам оның бір жерін ауыртса, олар тыныш отырмайды», - деді Алматы зообағы директорының зооветеринария жөніндегі орынбасары Наталья Ингер.

Бүгінде Алматыда тауыс бағушылардың қатары көбейген.

Қаланың жоғарғы жағындағы жекеменшік секторында бұл құстар жиі көзге түседі.

Ал жануарларды қорғау ұйымының өкілі Юлия Коваленконың айтуынша, Қазақстанда жабайы жануарларды қолда бағудың арнайы ережесі бар. Егер жануардың бағу сол ережеге сай болса, оған ешқандай уәж жоқ. Ал егер ереже бұзылса, оған заң бойынша талаптар бар.

«Тауыстар сияқты экзотикалық құстардың көпшілігі шетелден контрабандалық жолмен жеткізіледі. Әрбір тауыс бағатын үйде импортқа рұқсаты болу керек. Ал кез-келген жануарды сату немесе басқа жерге тасымалдау үшін арнайы ветеринарлық құжат болуы міндетті», - деді Юлия Коваленко.

Соңғы жаңалықтар