Алматы көшелерінде қар күреу жұмыстары қалай жүргізіледі

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне Алматы қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы көріктендіру бөлімінің басшысы Айдын Қалабаевтың сөзінше, өндірістік базаларда тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылған.
«Синоптиктердің болжамынша, алдағы екі тәулікте қалаға қалың қар түсіп, аяз болады. Осыған орай коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті. Мыңға жуық арнайы техника мен 1400 жол жұмысшысы жұмылдырылады»,- дейді ол.
Басқарма маманы Александр Сергеевтің айтуынша, қар басталмай тұрып алдымен, көшелерге құм қоспасы шашылады. Содан кейін ғана техника қар күреуге шығады.
«Ең алдымен, магистрльді көшелер тазартылады. Олар бізде көп емес. Атап айтар болсам – Әл- Фараби, Абай, Сәтбаев, Рысқұлов және Төле би. Содан кейін басқа көшелерге кіріседі. Жалпы, коммуналдық қызметтер арнайы кесте бойынша жұмыс істейді», - деді Александр Сергеев.
Сонымен қатар ол көктайғаққа байланысты жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, көлік арасындағы арқашықтықты ұлғайтуға кеңес берді.
Бұған дейін Алматыда қалың қар жауып, -25 градус аяз болатыны туралы жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар