Алматы коронавирустың қауіпті «Омикрон» жаңа штамына дайын ба

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының медициналық мекемелері коронавирустың «Омикрон» штамының ықтимал өршуіне дайын ба? деген сауалға қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлық медициналық ұйымдар коронавируспен күресуге дайын. Пандемия басталғаннан бері қаладағы медициналық мекемелер мен жұқпалы аурулар ауруханалары ауруды емдеп жатыр. Мамандар бірнеше рет оқудан өтті. «Дельта» штамына қатысты да, дәл осындай алаңдаушылық болды. Ал, дайындық үнемі жүргізілді. Бүгінгі таңда Алматыда ауруханалардағы инфекциялық төсек-орындар жеткілікті мөлшерде әзірленді. Сондықтан, біздің медицина қызметкерлері дайын емес немесе төсек жетіспейді деген алаңдаушылық туралы айту мүмкін емес деп ойлаймын», - деді Әсел Қалықова брифинг барысында.

Сондай-ақ, ол әлемде «омикрон» штамы анықталуына байланысты Алматыда шектеу шаралары күшейтілуі мүмкін екені туралы айтты.

Оның айтуынша, шектеу шаралары Денсаулық сақтау министрлігі шешіміне сәйкес қабылданады.

«Шектеулерге келетін болсақ, бәрі коронавирустың жаңа штамының анықталуына, эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Бұл шешімді Денсаулық сақтау министрлігі қабылдайды, ол хабарланып, халыққа жеткізіледі. Егер қандай да бір қосымша шектеу шараларды Алматыда енгізу қажет болса, онда да эпидемиологиялық жағдайға қарай енгізіледі», - деді спикер.


Соңғы жаңалықтар