Алматы кәсіпорындары «Парыз-2018» байқауында топ жарды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық кәсіпорындар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін бағалайтын «Парыз-2018» республикалық байқауында топ жарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, «Үздік ұжымдық шарт» аталымында «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты» ЖШС 2-орынға табан тіреді.

«Үздік әлеуметтік жауапкершілігі бар кәсіпорын» аталымы бойынша 2-орынға -  «Admi-Ai Plus» ұлттық стильдегі кәдесыйлар өндірушісі, 3-орынға «Кока-Кола Алматы Боттлерс» БК ЖШС лайық деп танылды.

Конкурсқа негізінен әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпрорындар қатысты. Олар мүгедектерді жұмысқа орналастыру және бейімдеу, кәсіптік даярлау және қайта даярлау, сондай-ақ қызметкерлерге әлеуметтік көмек көрсету бойынша бағаланды.

«Ақсай» нан-тоқаш комбинатының» бас директоры Зарина Барлыбаеваның айтуынша, комбинатта мүгедектер, зейнеткерлер мен оралмандар жұмыс істейді.

«Бізде мүмкіндігі шектеулі 27 адам және  бала кезден мүгедектігі бар 19 адам еңбек етеді. Бұдан басқа, біз «оралмандар» санаты бойынша жұмыс орындарын ұсындық, олардың саны кәсіпорын қызметкерлерінің жалпы санының 65% құрайды», - деді Зарина Барлыбаева.

Ол сондай-ақ зауыт қызметкерлерінің жалақысы көтерілгенін атап өтті.

«Біз келесі жылды күтпей, биылдың өзінде еңбекақыны 17,2%-ға көтердік. Сондай-ақ, наубайхана бағыты бар колледж студенттері осында қосарлы оқытудан өтеді. Біздің комбинатта тәжірибеден өтушілер барлық өндірістік процестерді меңгеріп шығуға қызығушылық танытып отыр», - деді комбинат басшысы.

Бұдан басқа, кәсіпорын қайырымдылық іс-шараларымен белсенді түрде айналысады.

«Бір ай бұрын Екінші дүниежүзілік соғыс пен еңбек ардагерлеріне азық-түлік себетін табыстадық. Біз әжелеріміз бен аталарымызды 9 мамырда ғана емес, үнемі еске алып, құрметтеуді дұрыс көреміз. Алматы қаласының барлық аудандарынан мүгедектігі бар 80 балаға азық-түлік себетін бердік. Балалармен кездесу «Қайырымды істердің қыры» қайырымдылық қоры арқылы ұйымдастырылды», - деді Зарина Барлыбаева.

Жаңа жыл қарсаңында комбинат Ауған соғысының 30 ардагеріне, сондай-ақ «Рух» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған  психологиялық көмек орталығының 28 келушісіне сыйлық дайындап жатыр.

Бұдан басқа, нан зауыты Алматы қаласы бойынша зағип жандар үшін Республикалық кітапхананың 30 қызметкерінің балаларына сыйлықтар жиынтығын жасап жатыр.

Соңғы жаңалықтар