Алматы кәсіпорындары мен ЭКСПО нысандарының бас мердігері өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Тұңғыш Президентінің қорында Алматы әкімдігі мен «ЭКСПО-2017» бас мердігері құны 10 млрд. теңге болатын өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Аталған келісімге сәйкес енді Алматы қаласының кәсіпорындары Астанада өтетін аса маңызды халықаралық жобаға қатысып, «ЭКСПО-2017» жобасын ұйымдастыру ғана емес, құрылыс жұмыстары мен пайдалану кезеңінде де өз өнімдерін жеткізу жөнінде ұзақ мерзімді келісімге келе алатын болды.

«Бүгінгі форумға «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы атынан төраға Ахметжан Есімовтің келіп жатқанына қуаныштымыз. Ахметжан Смағұлұлы - қаладағы көптеген маңызды жобалардың негізін қалаған адам. Көрмеге 40-тан астам компания қатысты. Мен олардың өнімдері өте сапалы деп ойлаймын. Алматылық кәсіпорындар «ЭКСПО-2017»-ге белсенді түрде қатысады. Елбасы айтқандай, ЭКСПО - экономикамыздың драйвері, туризм саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Алматының 200-ге жуық кәсіпорны әр салада қазақстандық қамтуды максималды қамтамасыз етуге барынша үлес қосатын болады», - деді қала әкімі Бауыржан Байбек.

Өз кезегінде «ЭКСПО-2017» ҰҚ АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Алматы кәсіпорындарының қатысуынсыз халқаралық көрмені өткізу мүмкін еместігін жеткізді.

«Көрмені тамашаладық. Көптеген компаниялардың дамуын жақсы білем. Оларда өзім болғанмын. Алматының потенциалы өте жоғары. Алматы - еліміздің басты локомотиві. Мұнда ғылым мен білім шоғырланған. Осыған дейін қаланың «ЭКСПО-2017» жобасындағы қатысы өте белсенді емес болатын. Сома да аса мәз емес. 550 млн. теңге. Бұдан бастап аймақтық кәсіпкерлердің қатысы белсенді болады. Бүгін құны 10 млрд. теңге болатын келісімге қол қоямыз. Алматы - келісім жасалып отырған 9-шы аймақ. Осыған дейін еліміздің 8 аймағымен келісімге келген едік», - деді Ахметжан Есімов.

Қала әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновтің айтуынша, «ЭКСПО-2017» жобасын жүзеге асыруда Алматының әлеуеті жоғары. Қалада 184 мың бизнес субъектісі, 1800 өндіріс орны, 2,5 мың құрылыс компаниясы, 900 туристік фирма, 122 қонақ үй орналасқан. Олардың көпшілігі жалпыұлттық жобаға қатысуға үлкен қызығушылық білдіріп отыр.

Соңғы жаңалықтар