Алматы кәсіпкерлер палатасы жұмысшылардың заңды құқығының бұзылмауын қадағалайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасында бүгін жұмысшының бұзылған құқығын қалпына келтіру мәселесіне арналған семинар өтті.

Шараға қалалық кәсіподақтар Одағының, қалалық прокуратураның, кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, бизнестің жекелеген субьектілері мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шараларға қарамастан жұмысшылардың заңды құқығын бұзу арқылы пайда табуды тоқтатпай келеді.

«Өткен жылы бізге 30 жұмысшы өзінің құқығының бұзылғандығын айтып, шағымданды. Биыл шағымданған азаматтардың саны 15 болып отыр. Көбінесе жұмысшылар жалақының дер кезінде төленбейтіні мен жұмыс берушілердің еңбек шартын жасауға ынталы еместігін айтып шағымданады», - деді Алмалы аудандық прокурорының аға көмекшісі Қанат Байтіленов.

Сонымен қатар, прокуратура заңды құқығы тапталған кәсіпкерлердің де құқығын қалпына келтіруде белсенді жұмыс істеуде.

«Алмалы ауданының прокуратурасына былтыр 15 кәсіпкер шағымданған. 3 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. 2 заңсыз актінің қабылдануына тойтарыс берілді. Ал, биыл 7 өтініш қаралды. Бизнестің заңды құқығын қорғау біздің жұмысымыздың басым бағыты болып табылады. Биыл Елбасының шешімімен ШОБ өкілдерін тексеруге мораторий жарияланды. Осы бағыттағы заңбұзушылықтардың алдын алуда прокуратура жанында мобильді топтар жұмыс істеп келеді», - деді прокурордың көмекшісі Қ. Байтіленов.

Қалалық кәсіпкерлер палатасының өкілдері палатаның осындай заң бұзушылықтардың алдын алуда маңызы зор екендгін айтады.

«Кәсіпкерлер палатасы бүгін жұмыс берушілер мен жұмысшылардың өкілі - кәсіподақтардың басын біріктіретін жалғыз орган. Біз қос тараптың да айтқан ойын тыңдап, ортақ шешім шығаруға көмектесеміз. Заңда жіберілген кемшіліктер болса, оны өзгертуге ұсыныстар қабылдауға әзірміз. Сондықтан, кәсіпкерлер палатасының еңбек қатынасын реттеуде рөлі басым»,- деді Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айтуар Қошмамбетов.

Соңғы жаңалықтар