Алматы Кәсіпкерлер палатасы пәкістандық әріптестерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоймақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасы Пәкістан сауда-өнеркәсіп палатасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоймақ. Бұл туралы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының кеңсесінде өткен екі ел өкілдерінің кездесуі барысында мәлім болды.

Кездесуге Пәкістанның Қазақстандағы елшісі Шаукат әл-Мукадам басшылық еткен бір топ пәкістандық делегация келді. Олардың басым бөлігі - Пәкістан сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары.

Елшінің айтуы бойынша, бұл шара Қазақстан мен Пәкістан арасында экономикалық байланыс орнатуға, сауда қарым-қатынастарын дамытуға бағытталған.

«Пәкістан - әлемдік нарыққа шыққан мемлекет. Елдегі халық саны 180 млн. адамды құрайды. Қазіргі таңда Пәкістанның Қазақстанға жөнелтетін экспорт көлемі 21 млн. АҚШ долларын құрайды. Ал Қазақстаннан келетін импорт көлемі бар болғаны 15 млн. АҚШ долларына сәйкес. Меніңше, конференция аясында екі ел өкілдерінің кездесулері бұл сандарды өзгертуге мүмкіндік береді», - деді Пәкістанның Қазақстан Республикасындағы Өкілетті Елшісі.

Сонымен қатар, дипломат Пәкістанның энергетика саласына Қазақстанның инвестиция салуы туралы ұсыныс білдірді. Екі ел фармацевтика саласында тығыз сауда байланыстарын орнату мен экспорт-импорт сұрыптамаларын жасауға келісім жасасты.

Ынтымақтастық туралы келісім Исламабадта сәуірдің 14-16 күні өтетін Орта Азия конференциясынан бастау алмақ. Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының Президенті Е.Д.Стамбеков өз сөзінде бұл форумға Қазақстан атынан делегацияның жіберілетінін айтты.

Соңғы жаңалықтар