Алматы қаласының сәулеттік-көркемдік бейнесін қалыптастыруға арналған үздік 25 жоба анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігінде қаланың сәулеттік-көркемдік бейнесін қалыптастыру мақсатында бренд-бук (брендтің құндылықтары туралы нұсқаулық) жасауға ашық байқаудың үздіктерін анықтау үшін сарапшылар отырысы өтті. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Байқаудың мақсаты - Алматы қаласының бренд-бугын жасау бойынша үздік тұжырымдамалық жобаларды анықтау. Оларда Алматының қала құрылысы дәстүрі барынша толық қамтылып, оның өзіндік ерекшеліктері, тарихи-мәдени мұрасы және қазіргі даму барысы ескерілуі тиіс. Сондай-ақ, қаланың жаңаруына септігін тигізетіндей болуы керек.

Байқауға қатысуға шығармашылық шеберханалар, жарнамалық агенттіктер мен фирмалар, суретшілер, дизайнерлер, сәулетшілер, жобалау ұйымдары, сабақтас мамандықтардың мамандары, сондай-ақ, шығармашылық жоғары оқу орындарының студенттері және бейінді білім беру мекемелерінің оқушылары шақырылды.

2016 жылдың 15-ші ақпанына дейін 109 өтінім қабылданды.

«109 жұмыстың ішінен ең үздік 25 жұмысты таңдап алдық. Осы үміткерлердің жұмысын интернет ресурстарда 1 ай көлемінде жариялауды ұсынамын. Мұны ел азаматтарының барлығы көру керек. Келер айдың соңында тағы жиналып, үздіктерді іріктеп аламыз», - деді Қала құрылысы және сәулет басқармасының басшысы Ғабит Садырбаев.

Сарапшы комиссияның құрамына суретшілер, дизайнерлер, ақындар мен өнертанушылар кіретінін айта кету керек.

«Жұмыстардың 95%-ы тек қаланың бейнесін көрсеткен. Бренд бук дегеніміз тек сурет емес, ол үлкен идея. Алматының көп елмен бәсекелесе алатын қабілеті мол. Туристік жағынан да, инвестициялық климат жағынан да», - деді Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Серік Буксиков.

Айта кету керек, бірінші орын үшін - 1 000 000 (бір миллион) теңге, екінші орын үшін - 800 000 (сегіз жүз мың) теңге, үшінші орын үшін 500 000 (бес жүз мың) теңге тағайындалған.

Соңғы жаңалықтар