Алматы қаласының көшбасшы жастары Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай арнайы қарар қабылдады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Қыздар университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Алматы қаласының көшбасшы жастарының қатысуымен «Менің Қазақстаным!» атты басқосу өтті. Бұл туралы оқу ордасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жиын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылды «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жариялауына байланысты «Бір халық - бір ел - бір тағдыр» бастамасына үн қосу мақсатында өткізілді.

Әр түрлі ЖОО-да білім алып жатқан тегі - бөлек, теңдігі - бір, түрлі этнос өкілдері басқосуда қазақстандық патриотизм моделін нығайту, ұлтаралық татулық пен достық қатынас, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім тақырыбында сөз қозғады.

«Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы халықты ұлтына бөліп-жармай, біртұтас Қазақстан қоғамын қалыптастыруды мақсат тұтып, 1992 жылы алғаш рет Ассамблея құру туралы идеясын қалың көпшілікке жариялады. Идея ірі мақсатқа ұласып, 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Биыл ұлтаралық татулық пен қатынасты, біртұтас қоғам құру мен түсіністікті басты шарты еткен Ассамблеяға - 20 жыл. Осы жылдар ішінде Елбасының теңдессіз идеясы әлем үшін үлгі болып, жеке дара «қазақстандық бренд» ретінде танылды. Әрқашанда бірлік пен татулықты сақтауға, алауыздыққа жол бермеуге шақырған Қазақ Елі «Бақыт қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген әйгілі сөзін қалдырған. Сондықтан Елбасы айтқандай, «біздің туымыз - бірлік» болуы керек» - деді ҚазМемҚызПУ ректоры Динар Нөкетаева.

Одан әрі сөз алған «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Асылы Осман құшағына барлық ұлтты сыйдырып, бірлік пен келісімде өмір сүруіміз Елбасының сарабдал да, салиқалы саясатының арқасында деп атап өтіп, бүгінгі қоғамда алатын Ассамблеяның рөлін сөзге тиек етті.

«Бүгін келешегіміздің келісті, Алматының бетке ұстар қаймағы жастар бас қосып отырған маңызды күн. Бүгінгі таңда Елбасының қойып отырған негізгі мақсаты да - ел бірлігі. Ол бірліктің тұтқасы да, ұйытқысы да, келешегі де жастар деп үміт артып отыр, сол сенімді ақтайтындай елдің мықты қайраткері, елін сүйген, жерін сүйген азаматтары болыңдар. Ел бірлігін пәк қардай асқақтата біліңдер, елдің ынтымағына, татулығына ұйытқы болыңдар! Қыздар университетінде оқитын көптеген өзге ұлт өкілдерінен тұратын сіңлілеріме апалық ретінде айтар назым: «Тілді білген адам ғана, сол ұлтты құрметтейді, салтына, дәстүріне бойлайды», - деді.

Атап өту керек, арулар ордасында қазіргі таңда 480-нен аса өзге ұлт өкілі оқиды.

Жиын соңында белсенді жастар Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай арнайы Қарар қабылдады.

Онда: «Мәңгі ел» болуға бет алған қазақ елінің «алтын» жастары болашаққа үлкен сенім білдіре отырып, ұлтының өсіп-өркендеуіне ықпал ететін, өркениетті ел азаматы болуға дайындалуда. Сондықтан, біз алдымызға нақты міндеттер қоя отырып - мықты да бәсекеге қабілетті «Мәңгі Қазақстанды» құру үшін аянбай тер төгеміз, барлық жастық күш-жігерімізді арнаймыз. Біз, талғамы жоғары, ұлттық рухы биік, патриот жастар, «Менің Қазақстаным» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай міндеттеген тапсырмаларды назарға ала отырып, оның жүзеге асуына белсенділікпен атсалысып, бір кісідей жұмылатынына уәде береміз», делінген.

Соңғы жаңалықтар