Алматы қаласының 2015 жылғы бюджеті 415,4 млрд теңге болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Мәслихатының XXXVI сесииясында қаланың 2015 жылғы бюджеті бекітілді. Келер жылдың бюджет көлемі 415,4 млрд теңгені құрады. Бюджет жобасы 2015-2017 жылдар аралығындағы макроэкономикалық көрсеткіштердің базалық болжамына негізделіп жасалды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттерді ескере отырып, Алматы қаласының нақты бюджеті 331 млрд 725 млн теңгені құрады.

Қала басшысы әлемдік экономиканың өсімі баяулауына қарамастан Алматы қаласы қарқынды даму көрсеткіштерін сақтап қалғанын жеткізді. «Осы жылдың соңына дейін ЖАӨ 8 трлн теңгені құрап, 6,3 %-ға өседі деп болжанып отыр. Инфляция деңгейі 7%-дан аспайды. 2015 жылғы бюджетке келсек, біз оны барынша оңтайландыруға тырыстық. Бюджеттен бөлінген әр теңге қайтарымы болғаны абзал. Жұмсалған қаржы әлеуметтік-экономикалық тиімділігін көрсетіп, жұмыс орындары ашылып, салық төленуін қамтамасыз етуі керек», - деді қала басшысы Ахметжан Есімов.

Әкім шығындарды азайту процесінің әлеуметтік бағдарламаларға кесірі тимейтіндігін атап өтті.

«Президенттің жолдауы аясында 3 жыл сайын Ұлттық қордан 3 млрд. теңге бөлініп отырады. Қаңтарда ҚР Ұлттық экономика министрлігі аталған соманы тиісті бағыттарға бөле бастайды. Алматы қаласы аталған бағытта қарқынды жұмыс жасауы керек. Бұл әсіресе, жол айрықтарының құрылысы, жалға берілетін пәтерлерді беру, туризм нысандарына қатысты», - деді әкім.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы бюджеті 2014 жылы 303 млрд теңге көлемінде нақтыланған. Жыл соңына қарай бюджет 53 млрд теңгеге өсті.

Соңғы жаңалықтар