Алматы қаласының 2010 жылғы бюджетіне 26,6 млрд. теңге шамасында нысаналы трансферттер бөлінуі тиіс - Ж. Төрегелдинов

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Алматы қаласының  2010  жылғы бюджетіне 26,6 млрд. теңге шамасында нысаналы трансферттер бөлінуі тиіс.

 Тиісті қаражат бөлінуі  әлеуметтік бағдарламалардың уақытылы орындалуына әсер етеді.  Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Премьер‑Министрінің атына  сауал жолдаған сенатор Жұмабек Төрегелдинов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Сөз арасында сенатор Үкіметтің Алматы қаласын дамыту мәселесіне әрқашан жіті  назар аударып отыратынына ризашылығын білдіріп өтті. Дегенмен,  сенатордың айтуынша,  жыл сайын қала әкімдігі мен депутаттар тарапынан шешімін таппай отырған шаралар, әсіресе бюджет мәселесіне қатысты проблемалар жиі көтеріледі.   «Атап айтқанда, Парламентке ұсынылған алдағы үш жылдық бюджет жобасында Алматы қаласы бюджетінің кіріс бөлігінің қысқартылуына орай біршама проблемалық мәселелер туындайын деп тұр. Қолданыстағы қала бюджеттерінің трансферттері туралы заңға сәйкес Алматы қаласының 2010  жылғы бюджеттік алып қоюы  54 млрд. 999,9 млн.теңге болуы тиіс еді әрі бұл мөлшер қаланың жергілікті бюджетінің кіріс бөлігінің 180 млрд.  408,8 млн. теңге шамасындағы болжамы негізінде жасақталған болатын. Дегенмен де, экономикалық қиын жағдайға орай болжамды салық түсімдері де өзгеріп отыр. Сондай‑ақ ағымдағы жылғы бюджеттің орындалуын есепке алып қарағанда, 2010 жылға болжанған кіріс ауқымы да өзгеріп, 153 млрд. 402,6 млн. теңге шамасында болатын түрі бар. Ендеше, бюджеттік алып қоюлар белгіленген мөлшерде қалдырылса, қала бойынша жоспарланған шараларға 26,6 млрд.теңге жетпей қалады екен. Бұдан басқа, қала бюджетінің кіріс бөлігінің төмендеуі әлеуметтік бағдарламаларды орындауға да кері әсерін тигізеді. Осыған орай, 2010 жылғы бюджеттік алып қоюларды қайта қарау мүмкін болмайтындықтан, республикалық бюджеттен  26,6 млрд. теңге нысаналы трансферттер бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұраймын», деді депутат. Оның айтуынша, бекітілген үш жылдық бюджеттік алып қоюлар жергілікті бюджеттің кіріс параметрлері болжамына тікелей байланысты есептелінеді. «Сондықтан да, алдағы уақытта үш жылдық бюджетті қалыптастыру барысында болжамды параметрлерді өзгерту қажет», деді Ж. Төрегелдинов.

Соңғы жаңалықтар