Алматы қаласы Орталық Азиядағы Ислам Даму банкінің өңірлік хабына айналмақ - Қ.Келімбетов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Орталық Азиядағы Ислам Даму Банкінің өңірлік хабына айналмақ. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов осылай мәлім етті.

Сөз арасында бас банкир жақында өткен Астана экономикалық форумы аясында ел Үкіметі Ислам Даму банкімен 2 млрд. долларға дейінгі қомақты инвестиция тарту туралы уағдаластыққа қол жеткізгенін атап өтті. «Осы келісім аясында Ұлттық Банк Ислам Даму Банкімен келіссөздер жүргізіп, онда Алматы қаласы Орталық Азиядағы Ислам Даму банкінің өңірлік хабына айналады деп келістік», - деді ҰБ төрағасы. Оның айтуынша, кездесу барысында осы бағытта салық салу және заңнама мәселелері бойынша заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстарын жалғастыру үшін арнайы гранттар бөлінген.

«Бұл ретте кадрлар дайындау мәселесі де өзекті. Атап айтқанда, Ислам Даму банкі исламдық қаржыландырудың әлемдік деңгейіндегі елу шақты мамандар дайындау туралы ұсыныс жасады. Бұл үшін де арнайы гранттар бөлінеді және қаржыландыру Үкімет пен Ұлттық банк тарапынан да қоса атқарылады. Мұндай сертификатталған мамандар жақын аралықта әлемнің көптеген университеттерінде даярлықтан өтеді», - деді ҰБ басшысы.

Соңғы жаңалықтар