Алматы қалалық ТЖД: Сел қаупі болған аймақта 500-ден астам нысан орналасқан

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық ТЖД басшысының орынбасары Ерлан Әлібеков селден жапа шегуі ықтимал осал аудандарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауа температурасының соңғы екі айда төмендемеуіне байланысты таңғы сағат 6:20-лар шамасында Қарғалы өзені бассейніндегі №1 мореналық көлдің суы босатылды. Секундына 5 текше метр жылдамдықпен жіберілгенде көлдегі су деңгейі 5 метрге төмендеді. Бастапқы есептеу бойынша 20 мың текше метр су ағызылған. Қазір алаңдауға негіз жоқ. Халықты әбігерге салмас үшін біз тек Қарғалы аңғарында орналасқан дыбыс зорайтқыштар арқылы хабарлама жібердік. Басқа аудан тұрғындарына мүлде қауіп жоқ. Қауіп аймағында 564 нысан орналасқан. Жалпы саны 1 864 адам тұрады. Барлық осал 8 учаске Қарғалы плотинасынан Т.Рысқұлов көшесіне дейінгі аймақта орналасқан», - деді Ерлан Әлібеков.

Сонымен қатар, оның айтуынша, басқа таңдағы морен көлдерінде ахуал тұрақты.

«Алматы маңында барлығы 7 мұз көлі бар. Оларда привентивті шаралар қолға алынып жатыр. Басқа 6 көл №1 морен көлі сияқты қауіпті емес. Бұл көлдер стационарлы. Оларда эвакуациялық каналдар қазылған. Су транзит болып өтіп кетеді. Ең қауіпті саналатын №13 көлде су деңгейі жыл басынан бері 4 метр 6 см төмендеді. Басқа мұз көлдерінен халыққа төнген қауіп жоқ», - деді ол.

Айта кету керек, бүгін Алматыда Наурызбай ауданында аз мөлшерде сел жүрген болатын. ТЖД өкілдері халықты құлақтандырып үлгерді. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев оқиға орнына шұғыл келіп жетті.

Қалалық ТЖД өкілдері Қарғалы өзеніндегі бүгінгі ахуал жөнінде мәліметті жария етті.



Соңғы жаңалықтар