Алматы қалалық спорт басқармасының басшысы денсаулығына байланысты қызметінен кететінін мәлімдеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсеитов денсаулығына байланысты қызметінен кетеді. Ол туралы өзінің Іnstagram парақшасына жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рүстем Байсеитовтің хабарлауынша, қаңтар оқиғасы кезінде тиген оқтың жарақаты оны алаңдатып отыр және жұмыс қабілеті әлі қалпына келмеген.

«Білектің қозғалыс белсенділігін қалпына келтіру мен оңалтудың толыққанды курсынан өту керек болған соң, Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы лауазымын босатып, денсаулығыммен айналысуға шешім қабылдадым», - деп жазды ол.

Рүстем Байсеитов, сондай-ақ 2018 жылдың шілде айынан бастап алматылықтармен бірге біршама жетістіктерге жеткенін жазды.

«Бәрі болды: жеңіс пен жеңіліс, өкініш пен қуаныш. Қоғамдық сауалнама мен ҰОК мойындауы бойынша Алматы қаласы соңғы төрт жылдағы барлық кешенді Республикалық жазғы және қысқы спартакиадалардың, олимпиадалық цикл ойындары мен жарыстарының жеңімпазы, Үздік спорт өңірі атанды. Қала басшылығының қолдауымен жан басына қаржыландыру, спорт инфрақұрылымын арттыру бойынша маңызды әлеуметтік жобалар іске асты, қала аудандарындағы 6 спорт кешенінің 3-еуі іс жүзінде аяқталды. Осы жылдар бойы жеңіске жетуде сіздермен бірге жүргенімді мақтан тұтамын», - деп жазды ол.

Сөз соңында Р.Байсеитов спорттың өз өмірінде ерекше орын алатынын, ұзаққа созылмайтын оңалтудан соң алматылықтармен басқа жоспарларымен бірге қайта кездесуге үмітті екенін айтып, барлық қолдау білдіргендерге алғысын жеткізді.

Еске салайық, биыл Алматыда қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде Рүстем Байсеитов атыс қаруынан жарақат алған еді.


Соңғы жаңалықтар