Алматы қалалық кәсіпкерлер Палатасының қызметкерлері донорлық акцияға қатысты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласы кәсіпкерлер Палатасының қызметкерлері онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға арнап қан тапсырды. Аталмыш акция Қазақстанның «Қызыл Жарты ай» қоғамдық ұйымымен бірлесіп, «Бүкіләлемдік донор күні» қарсаңында өткізді.

Ұйымның әлеуметтік және медициналық бағдарламалар департаментінің директоры Марат Мелдеханның айтуынша, Қазақстандағы донор мәселесі өте өзекті болып отыр.

«Халық арасынан 1000 адамға 40 донор қажет. Ал Қазақстанда мың адамға бар болғаны 17-18 донор табылады екен. Бұл 40%-дан әлдеқайда төмен. Өйткені, өз еркімен қан тапсырушылар аз. Мұның басты себебі қан тапсырғаны үшін берілетін ынталандыру жүйесінің қалыптаспауы мен халық арасында кең насихатталмау болып отыр. Осы мәселелерді ескере отырып, Қазақстанның «Қызал Жарты ай» қоғамы тез арада донор болу проблемасын шешудің жолын іздеуде», - деді Марат Мелдехан.

Қалалық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері науқас балалар үшін қан тапсыруды өздерінің қоғам алдындағы парызы деп түсініп отыр.

«Статистикалық мәлімет бойынша, жер бетіндегі әрбір үшінші адам өз өмірінде біреудің қанына зәру болады. Сондықтан бұл мәселе бізді де айналып өтпеуіне ешкім кепілдік бермейді. Ешқандай әлсіздік сезілмейді, керісінше, рухани жақсы әсерде болып отырмын. Осы акцияның арқасында тегін қан тобымызды біліп, қан құрамына жасалған сараптама қорытындыларын алдық. Кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік бөлімі қан тапсырушыларға дастарқан жайды. Бүгін бізде кішігірім мереке!» -деп әсерімен бөлісті Алматы қаласы кәсіпкерлер Палатасының қызметкері Толқын Әбілдаева.

«Біз кәсіпкерлеріміз бен өз қызметкерлерімізге ұсыныс тастадық. Мейірімді жандар өз еріктерімен келіп, донор болып жатыр. Акцияға келген донорлардың санына қарап, науқас балалардың өміріне бей-жай қарай алмайтын азаматтардың көптігіне көз жеткіздік», - деді Алматы қаласы кәсіпкерлер Палатасы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Светлана Ыдырысова.

Донор болу акциясына Алматы қаласының кәсіпкерлер Палатасы қызметкерлерінен басқа «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы, «Қазкоммерцполис» сақтандыру компаниясы, колледждер, ЖОО студенттері мен оқытушылары атсалысты.

Соңғы жаңалықтар