Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға өзгерістер енгізуді ұсынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің өкілдері ҚР "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңға өзгерістер енгізуді ұсынды.

Бұған «Автодорсервис» фирмасының шағымы түрткі болды. Бүгін қалалық кәсіпкерлер палатасында осы мәселе жан-жақты қаралды.

Аталған компания республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысады. Жол жөндеу жұмыстары бойынша жоба 2012-2013 жылдары қолға алынған болатын. Аяқтау мерзімі 2015 жылға белгіленген.

Алайда, компания бұл жұмыстарды жалғастыра алмай отыр. Өйткені, ақпан айындағы теңгенің құнсыздануы жол-құрылыс материалдары бағасы мен жұмыс ақысының аспандап кетуіне соқтырды. Қазір компания пайда көрудің орнына шығынға шаш етектен батып отыр.

«Мұндай жағдайға тап болған жалғыз біз емес. Бюджет қаржысына байланысты келісіммен жұмыс істеп отырған компаниялардың барлығы осындай шығынға батып отыр. Шығын көлемі миллиардтап саналады», - деді «Автодорсервис» бас директоры Виталий Процентов.

Қазір бизнесмен бюджеттен бөлінетін қаржыны ұлғайтуды талап етіп отыр.

Сонымен, қалалық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесіне осы мәселенің анық-қанығын біліп, дұрыс шешім қабылдауға тапсырма берді.

Кеңес мүшелері инфляция мен валюта бағамының өзгеруіне байланысты ҚР "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңға өзгерістер енгізу қажет деп тауып отыр. Олар осы ұсыныспен жақында құзырлы органдарға жүгінбек.

Соңғы жаңалықтар