Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасына жаңа басшы тағайындалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың активімен кездесу барысында  денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Қанат Төсекбаевты таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы жылдары Алматы тұрғындарының денсаулығына қатысты негізгі индикаторлар бойынша жақсы көрсеткіштер бар. Денсаулық сақтау ұйымдары 80 % жаңа заманауи медициналық техникамен қамтамасыз етілді. Тұрғындардың  94 %-ының электронды паспорты бар. Жыл соңына дейін қаланың барлық емханалары қағазсыз форматқа көшеді. Жүргізілген медициналық реформалар нәтижесінде науқастарға қызмет көрсету уақыты 20 %-ға, кезек күту 30 %-ға қысқарды.

«Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына үнемі айрықша назар аударады. Бұл мәселе Елбасының халыққа Жолдауында да көрініс тапқан. Президент тапсырмасы бойынша  сырқатты емдеудің жаңа  әдістерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы 1 қаңтардан бастап біртіндеп 20%-ға өседі. Бір Алматының өзінде учаскелік қызметтің 1028 дәрігері, 2400 медбике осы игілікке қол жеткізеді», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Дегенмен, атқарылған жұмыстарға қарамастан тұрғындардың медициналық ұйымдар көрсететін қызметтерге көңілі толмайды. Осыны ескере отырып, Алматы әкімі денсаулық сақтау басқармасы жаңа басшысының алдына принципті әрі жүйелі жұмысты қажет ететін бірінші кезектегі міндеттерді қойды.

Яғни, медицина ұйымдарының барлық қызметі ашық болып, сыбайлас жемқорлыққа жол берген басшыларға қатаң шаралар қолданылуы тиіс. Қаланың медицина ұйымдары азаматтардың барлық өтініштеріне мониторинг жүргізіп, оларға дер кезінде мән беруі әрі өздерінің қаржылық есептерін жария етуі керек.

Денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысына қаланың медицина мекемелері жанындағы қадағалау кеңесінің құрамына ҮЕҰ, БАҚ өкілдерін және блогерлерді енгізе отырып, оны қайта қарау тапсырылды. Өз кезегінде ұйымдардың ішкі аудит қызметі тек қадағалау кеңесіне ғана тікелей есеп беруі тиіс.

Бұдан өзге, дәрілерді сатып алуды электронды форматқа көшіріп, медициналық техниканы сатып алған кезде оның нақты бағасына жасалған сараптаманы жіті бақылаған жөн.

Орталықтандыру қағидасы бойынша медициналық қызметті қолжетімді  ету үшін мегаполистің әр ауданында ұйымдық-құқықтық формасы өзгерген көппрофильді стационарлар құрылады.

Осыған орай, денсаулық сақтау басқармасына медициналық ұйымдардың басшыларын конкурстық негізде тағайындаудың нақтылы механизмін әзірлеу тапсырылды, мұнда түпкі нәтижеге ерекше назар аударылуы тиіс. Қала басшысы талапқа сай әлеуметтік лифт құруды және басшыларды меритократия принципі бойынша таңдауды ұсынды.

Айта кетерлігі, денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы өзінің еңбек жолын медициналық жедел жәрдемде фельдшер болып бастаған. Әр жылдары Алматыдағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасының және  Астана қаласындағы медициналық жедел жәрдем станциясының  бас дәрігері қызметтерін атқарған.

Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасын басқарған. Қазақ мемлекеттік медицина университетінің және Ганновер жоғары медицина мектебінің түлегі.

Соңғы жаңалықтар