Алматы қалалық әкімшілік сотының маманы алдау арқылы 100 мың теңге иемденген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының маманы алдау арқылы біреудің 100 мың теңге қаражатын иемденген. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеушісі Қайсар Баржақсынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ҚР Жоғарғы сотының ішкі қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімімен бірлескен іс-шаралар барысында қаланың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының жетекші маманын әшкереледі», - деді агенттік тергеушісі.

Оның айтуынша, күдікті іс бойынша әкімшілік қамауға алуды қолданбау туралы сот шешімін шығаруды сылтауратып, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы бір азаматтың 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын иемдену күдігіне іліккен.

«Күдікті өз кінәсін толық мойындады», - деді Қайсар Баржақсынов.


Соңғы жаңалықтар