Алматы халықаралық әуежайына Талғат Бигелдиновтің есімін беру ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның танымал блогерлері Өркен Кенжебек пен Яков Федоров Алматы халықаралық әуежайына Кеңес одағының екі мәрте Батыры, авиацияның генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің есімін беруді ұсынды.

Ұсыныс хатты олар Азаматтық авиация комитетіне, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-на және Мемлекеттік ономастикалық комиссиясына жолдады.

«2014 жылдың 10 қарашасында 93 жасқа қараған шағында авиацияның генерал-майоры Талғат Бигелдинов қайтыс болды. Ол Кеңес Одағының екі мәрте Батыры атағына ие болған жалғыз қазақ еді. Осыған байланысты біз Алматы халықаралық әуежайына Қазақстанның әскери және азаматтық авиациясының дамуына үлкен үлес қосқан батыр Талғат Бигелдиновтің есімін беруді ұсынып отырмыз», - делінген хатта.

Белсенділер Талғат Бигелдиновтің басқаруымен 1957 жылы Алматы әуежайының жаңғыртылғанын, ұшу-қону жолағы кеңейтілгенін атап өтеді.

«Т. Бигелдиновтің алматылық әуежайды қазіргі кездегі деңгейге дейін дамытуға қосқан үлкен үлесі білініп тұр. Бигелдиновтің жетекшілік етуімен Балқаш, Астана, Павлодар, Атырау, Орал, Арқалық, Қызылорда, Тараз, Қарағанды және тағы басқа жерлерде аэродромдар салынды. Оның азаматтық авиацияның дамуына қосқан айтулы үлесі Батырдың есімін лайықты түрде мәңгі есте сақтауға негіз болуда», - деп атап өтіледі блогерлердің үндеуінде.

Әлемдік тарихта халықаралық әуежайларды танымал ұлттық ұшқыштардың есімімен атау мысалдары бар. Мәселен, Ыстамбұлдағы Сабиха Гёкчен атындағы әуежай.

«Аталған ұсыныс біздің батырымыздың бейнесін болашақ ұрпақ үшін ұмытпауға көмектеседі, ал бұл жас қазақстандықтарда тарихты бағалау, патриотизм мен авиацияға деген қызығушылықты арттыру үшін қажет. Әуежайға Батыр есімін беруді алдағы жылы атап өтілетін Жеңістің 70 жылдық мерейтойын мерекелеуге орайластыруға болады», - деп есептейді идеяның бастамашылары.

Соңғы жаңалықтар