Алматы халықаралық әуежайы жаңа терминалының эскизі жарияланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әуежайының жаңа халықаралық жолаушылар терминалының тұжырымдамалық дизайны қоғамдық талқылаудан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғамдық талқылауға Алматы қаласы қоғамдық кеңес мүшелері, сәулет және табиғатты қорғау ұйымдары, құрылыс, әуе компанияларының өкілдері, кәсіпкерлер, сонымен қатар қала тұрғындары қатысты.

2021 жылдың мамыр айында Алматы әуежайын сатып алған TAV Airports компаниясы халықаралық жолаушылар терминалының жаңа ғимаратын салуды жоспарлап отыр.

Жаңа терминал салынғаннан кейін әуежайда жылына 14 миллион жолаушыға дейін қызмет көрсетілетін болады, яғни екі есеге артады.

«Талқылау барысында қоғам өкілдерінің түрлі пікірі тыңдалды, олардың Алматы әуежайының жаңа халықаралық жолаушылар терминалының тұжырымдамалық дизайны туралы ойлары соңғы шешімді қабылдау кезінде ескеріледі»,- деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.

Бұған дейін «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Эрсой Альп Эр Тунга әуежайдың жаңа терминалы қолданысқа 2024 жылы берілетінін айтқан болатын.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары барысында оңтүстік астана әуежайының жаңа халықаралық терминалы құрылысына рұқсат берген еді.


Соңғы жаңалықтар