Almaty Film Festival-ға танымал кинематографшылардан кімдер келеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Almaty Film Festival бірінші халықаралық кинофестиваліне келетін қонақтар тізімі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Almaty Film Festival 15-19 қыркүйек күндері аралығында өтеді.

Арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында ұйымдастырушылар жобаның Канн, Пусан кинофестивальдері тәжірибесіне сүйеніп жасалғанын атап өтті. Олар ең алдымен, киноиндустрияның хас мамандары мен туристерді тартуға бағытталған.

Бұдан өзге, баспасөз жиынында жұлдызды қонақтардың тізімі жария етілді.  Сондай-ақ «Еуразия» Халықаралық кинофестивалі Астанаға ауысқаннан кейін Алматыға төл фестивальдің не үшін қажет болғаны айтылды.

«Біздің фестиваль отандық киноны дамыту мен таланттарды қолдау тұрғысынан Пусан кинофестиваліне ұқсас. Бірақ олардың бағдарламалары өте ауқымды және көптеген халықаралық фильмдер көрсетіледі. Өздерінің киноларын көрсетуге арналған секциялар да бар. Біз де осы форматты енгіздік. Пусан кинофестивалі киноиндустрия  кәсіпқойларын шақырады. Олармен серіктестік құрып,  бірге өнім шығарады. Демек біз де  әлемге әйгілі, «А» санатындағы актерларды ғана емес, кинорежиссерларды, продюсерлер мен сценарийшілерді шақырамыз. Олармен тәжірибе алмасып, болашақта бірге жұмыс жасауға келісеміз», - деді Almaty Film Festival бас продюсері Ернар Құрмашев.

Оның айтуынша, фестиваль қонақтары, яғни киноиндустриядағы ықпалды азаматтар отандық  кинематографшылармен тәжірибе бөлісетін болады.  

«Алексей Петрухин Қытаймен бірлескен өнімі туралы пікірін ортаға салады. Бізді әсіресе өзге елдермен бірлескен жобалар қызықтырады. Мұндай фильм қатарынан екі елде көрсетілетіндіктен көбірек пайда әкеледі. Біздің елде физикалық тұрғыда касса жинау мүмкін емес. Бұл үшін ішкі дайындығымызды дұрыстап, киномәдениетімізді бір ізге қоюымыз керек. Сонда әлемдік кинематографшылардың қызығушылығын оятамыз. Ал ол үшін осындай фестиваль ауадай қажет», -дейді Ернар Құрмашев.

Конкурсқа түсетітін, конкурстан тыс өтетін фильмдерді халық тегін тамашалай алады. Алдымен кинозалға тіркеуден өткен қонақтар кіргізіліп, қалған бос орындарға келушілер орналаса алады.

Фильмдер Lumiera cinema және Cinemax Dostyk Plaza кинотеатрларында өтеді.  Ұйымдастырушылардың айтуынша, қала тұрғындары мен қонақтары сапалы киноға қарық болмақ. 

«Disney-дің ТМД елдері бойынша директоры Мария Озкан-Жигалова келеді. Бұл секцияны «Король Лев» классикалық мультфильмімен ашамыз. Мультфильм режиссері Роб Минкофф қызыл кілеммен жүріп өтеді. Сондай-ақ 16 қыркүйекте екі тақырыпта шеберлік сабағын өткізеді.

Белгілі корейлік кинорежиссер Ким Ки Дук те фестивальға қонақ болады.  Оның соңғы картинасын көрерменге ұсынамыз. Көрсетілімнен соң онымен  әңгімелесуге  мүмкіндік туады. Инг Бергманның 100 жылдығына орай оған арналған фильмді көрсетеміз. Оның тұсауы Канн фестивалінде кесілген болатын. Настасья Кинскидің  үздік жұмыстарының бірі Вим Вендерстің «Париж, Техас» картинасын актрисамен бірге тамашалау бұйырып отыр.

Актриса жергілікті  халықпен және БАҚ өкілдерімен пікір алмасқысы келеді. Бұдан өзге, қазылар алқасы мүшелері де көрерменмен кездесу өткізеді», - деді фестивальдің бағдарлама директоры Елена Ларионова.

Фестивальге 5 адамнан тұратын халықаралық қазылар алқасы төрелік етеді. Олардың арасында «Айка» фильмінің продюсері Гүлнәр Сәрсенова, белгілі актриса Настасья Кински, «Супермен», «Три мушкетера» фильмдерінің продюсері Кир Спенглер, француздық продюсер Марк Рускар бар. Қазылардың төрағасы -  ресейлік режиссер Сергей Бодров.

Конкурс  5 номинация бойынша өтеді.  Әрбір аталым бойынша ақшалай сыйлықтар табысталады. Атап айтсақ, гран-при иесі  - 3 миллион теңге, үздік режиссер - 2 миллион теңге, үздік актер мен актриса және қазылардың арнайы сыйлығын жеңіп алғандарға 1 миллион теңгеден бұйырады.

Кинофестиваль президенті Ақан Сатаев фестиваль аталған мақсаттардан бөлек, қала үшін имидждік шара болып табылатынын айтты. Сонымен қатар негізгі ниет - Қазақстан киноиндустриясына имидждік жобаларды тарту мен Алматының танымалдылығын арттыру. 

Соңғы жаңалықтар