Алматы емханалары коронавирустың жаңа толқынына дайындықты бастады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы №18 емханасының бас дәрігері Майя Большанова онлайн брифинг барысында медициналық мекеменің коронавирус инфекциясының ықтимал жаңа толқынына дайындығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия кезіндегі негізгі міндет – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету және алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерінің қауіпсіздігін сақтау» , - деді Майя Большанова.

Оның айтуынша, алғашқы медициналық санитариялық көмек ұйымдарында «таза» және «лас» аймақтар қалыптастырылған.

«Эпидемияға қарсы режимді сақтау бойынша бақылау күшейтілді. Кіреберістерде күнделікті инфекциялық бақылау жүргізілетін санитариялық бекеттер қойылды. Жұқтыру қаупінің дәрежесіне сәйкес, жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілді. Инфекциялық аурулары бар, оның ішінде COVID-19-ға күдікті пациенттерге медициналық көмек тек фильтр аймағында көрсетіледі және үйде болса онда мобильді бригада барады»,– деді Майя Большанова.

Сонымен қатар, ол созылмалы аурулары бар пациенттерді қашықтан бақылайтынын айтты.

«Фильтр аймағында жұқпалы ауруы бар және COVID-19-ға күдікті пациенттерді қабылдау кезінде аурудың дәрежесі анықталады. ПТР тестке жағынды алынады, ауру жеңіл түрде болса емдеу тағайындалады және пациент амбулаториялық бақылауда болады. Мобильді бригадаға және учаскелік дәрігерге беріледі, орташа не ауыр түрімен ауырған пациент оқшаулағышқа орналастырылады және жедел медициналық жәрдем бригадасы профильді стационарға жеткізіледі», - деп атап өтті бас дәрігер.

Емхана жанынан құрамында дәрігер, медбике, психолог,әлеуметтік қызметкері бар 6 мобильді бригада құрылды. Сондай-ақ, қажетті дәрі-дәрмек қоры дайындалды.

«Тұрғындардан маска режимін, әлеуметтік қашықтықты, алдын алу шараларын, вакциналық профилактиканы сақтауды сұраймын. Қазір емханаларда тұмауға қарсы тегін вакцина жүргізілуде, бұл егде жастағы пациенттер, балалар, жүкті әйелдер үшін тұмау вирусынан сақтану шараларының бірі», - деді спикер.

Сөз соңында, дәрігер ауру белгілері анықталған жағдайда медициналық мекемелерге жүгіну қажет екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар