Алматы емханалары коронавирустың екінші толқынына дайындықты бастады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Алматыдағы №2 қалалық емхана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Нұрия Қалмұратова емханадағы коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындығы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия басталғаннан бері қауіпті вирусты жұқтырған науқастардың басым бөлігі бүгінде сауығып, үйлеріне аман-есен оралды. Демек, біздің елде коронавирустық инфекциямен күрестің дұрыс жолы таңдалды. Сонымен қатар, әлемде аурудың күрт өсуі байқалады. Індеттің екінші толқыны басталды. Атап айтқанда, Италия, Испания, Германия, Түркия және Оңтүстік Корея сияқты елдерде. ТМД елдерінде вирустың тарауы Қазақстанға қарағанда жоғары. Осы жағдайды ескере отырып, Қазақстан, барлық елдер сияқты, оның ішінде біздің емханамыз да коронавирус инфекцияның болуы мүмкін екінші толқынына дайын болуы керек»,– дейді дәрігер.

Оның айтуынша, №2 қалалық емхананың бас ғимаратынан бөлек 3 филиалы бар. Олар қала бойынша 64 454 астам тұрғынға қызмет көрсетеді. «Думан» ықшамауданында 12 мыңдай адамды қабылдайтын және «Сұлусай», «Кеңсай» ышқамаудандарында бөлімшелері бар. Емхана санитарлық нормаларға сай жұмыс істеп жатыр.

«Емхананың қызметі барлық санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, бекітілген нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады. Кіреберісте жылу бақылау құрылғысы орнатылған, оны арнайы маман бақылайды. Науқастарды қабылдау қатаң түрде алдын ала жазылу арқылы жүзеге асырылады. Санитарлық тазартқыштар емханаға кіре берісте, дәліздерде, баспалдақ алаңдарында орнатылған. Келушілердің әлеуметтік арақашықтығын және қозғалыс бағытын қамтамасыз ету үшін еден белгілері мен қоршаулар орналастырылған. Емхана «лас» және «таза» аймақтарға бөлінген. Қызметкерлер мен науқастар үшін бөлек кіреберістер бар»,– дейді спикер.

Сонымен қатар, ол коронавирус инфекциясының шарықтау кезеңінде емханада 12 мобильді топ жұмыс істегенін тілге тиек етті.

«Біздің емханада COVID-19 ауруының ең жоғары деңгейінде 12 мобильді топ жұмыс істеді. Мобильді топ құрамына 1 жалпы тәжірибе дәрігері, 1 медбике, 1 лаборант, 1 психолог, 1 әлеуметтік қызметкер кірді. Қазір емханадағы жағдай тұрақты, дәрігерлердің бақылауында коронавиурс жұқтырған үш науқас қана бар. Сондықтан 5 мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Оған қоса колл-орталық іске қосылған. Мобильді топтың іс-қимыл алгоритмі келесідей: Сall-орталыққа қоңырау түссе, немесе науқас емханаға жүгінсе, қоңырау мобильді топқа ауысады, ол COVID-19 -ға күдіктіні жағдайды тексеру парағы бойынша анықтайды, қажет болған жағдайда шақыртуға барады, оқшаулау шарттарын анықтайды, қажет болса импульстік оксиметрлермен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етеді, тәулік бойғы стационарға госпитализациялау үшін COVID-19 коронавирустық инфекциясы бар науқастың жағдайын уақтылы бағалайды.

Олар учаскелік дәрігерге немесе мейірбикеге пациентті қарау нәтижелері туралы хабарлайды, қажет болған жағдайда емдеу жоспарын түзете отырып, оларға одан әрі қашықтықтан бақылау жүргізу үшін ақпаратты және медициналық құжаттарды береді»,-дейді ол.

Сонымен қатар, ол алдағы күз, қыс, көктем айларында инфекцияның жаңа толқыны болуы мүмкін деген болжам жасалғанын айтты. Бұл кезде әдеттегідей суық тию, бактериалды инфекция, тұмау мен пневмония аурлары белең алатын көрінеді.

«Пандемияға байланысты осы аралық қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан барлық медициналық ұйымдарда дайындық жұмыстары жүргізіліп, тұмаудың алдына алу бойынша екпе салынуда. Ол біріншіден осал топтарға салынады, олар жиі ауыратын 18 жасқа дейінгі балалар, созылмалы ауруы бар тұлғалар, жүкті әйелдер, 60 жастан асқан ересектер, сонымен қатар балалар үйі, қарттар үйінің тұрғындары бар»,-дейді Нұрия Қалмұратова.

Коронавирустың екінші толқынына дайындық барысында маусым айының 15-і мен шілденің 15 аралығындағы жағдайға мониторинг жасалған. Осы аралықта коронавируспен ауырғандар ең көп тіркелген.

«Мұндай мониторингтің пайдасына келсек, ол қажет кезінде қанша кадр тарту керектігін және негізгі дәрі-дәрмек қорын жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ коронавирус ауруы кезінде әрекет ету алгоритмі әзірленді. Оған қоса коронавирус ауруының алдын алу жөніндегі ақпараттық ескертпелерді таратып жатырмыз»,-дейді Н.Қалмұратова.


Соңғы жаңалықтар