Алматы елдің басты іскерлік орталығы мәртебесін нығайтуы тиіс – Президент

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыны әлеуметтік-экономикалық дамытуға арналған отырыста шағын және орта бизнестің қала экономикасындағы орнына тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің қала экономикасында маңызды орын алатынын атап өтті. Оның жалпы өңірлік өнімдегі үлесі - 40%, салықтағы үлесі - 65%. Еңбекке қабілетті тұрғындардың 60% астамы дәл осы ШОБ-тан нәпақа тауып отыр.

«Бірақ осы салада бірқатар түйіткілді мәселелер бар. Кәсіпкерлердің арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі қаланың бірнеше көрсеткіш бойынша артта қалып отырғанын көрсетеді. Атап айтқанда, жергілікті атқару органдары жұмысының тиімділігі бойынша – 14-орында. Қала әкімі осы жағдайды реттеуі тиіс», - деді Қ.Тоқаев.

Президент Қазақстан халқына арнаған өз Жолдауында ұсақ кәсіпкерлер мен шағын бизнесті үш жылға салықтан және тексерістерден босатуды тапсырғанын ескертті.

«Бизнестің осы санатының осындай жеңілдікті пайдалануына көмектесу қажет. Бұл - «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының міндеті. Өз кезегінде, бизнес өзін дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуы тиіс. Қала әкімдігі де шағын және орта бизнеске жан-жақты көмектесе береді, олардың алдындағы кедергілерді жояды. Алматы еліміздің басты іскерлік орталығы мәртебесін нығайтуы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Авторы: Данияр Дәуітәлиев

Соңғы жаңалықтар