Алматы елдегі санитарлық нормаларға салынған айыппұл бойынша көш бастап тұр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы санитарлық нормаларға салынатын әкімшілік айыппұлдар бойынша Қазақстанда көш бастап тұр. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша Алматы қаласының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына құлақ аспайтын жекелеген кәсіпкерлер бар.

«Біздің қаламыз бүгінде әкімшілік айыппұлдар саны бойынша Қазақстан қалалары арасында бірінші орынға шығып, антирейтингінің көшбасшысына айналды. Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, 5 шілде мен 9 қазан аралығында 3 837 нысан тексеру шарасы өткізіліп, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы бойынша барлығы әкімшілік бұзушылықтар туралы 4 мыңға жуық хаттама толтырылды. Салынған айппұлдың жалпы сомасы 235 млн теңгеден асады», - деді ол.

Жоғарыда аталған кезең аралықта елімізде жалпы 895 млн теңгеге 16 мыңға жуық хаттама жасалған. Оның ішінде 307 млн теңгесі жеке тұлғаларға салынған айыппұл.

Бүгінгі таңда Алматы қаласында 26 мониторинг тобы жұмыс істейді, олардың құрамында полиция, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, аудандық басқармалар, кәсіпкерлер палатасының өкілдері бар. Сондай-ақ, бұл топтың жұмысына үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен еріктілер үлес қосып жүр.

Мониторинг топтарының мақсаты - коронавирус инфекциясының кең таралуына жол бермеу және қала тұрғындары арасында жұқтырудың алдын алу.


Соңғы жаңалықтар