Алматы экономикасы кезең-кезеңмен қалпына келтірілмек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев БАҚ өкілдерімен онлайн кездесу барысында 20 сәуірден кейін жұмысы қайта жанданатын кәсіпорындар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір қалада ПТР тәсілімен барлық қауіп тобындағы адамдарды экспресс тестілеу басталды. Бұл топқа 193 мың адам кіреді. Олар әскери қызметшілер, полиция, дәрігерлер, еріктілер, жүк және жолаушылар тасымалы көліктері, теміржолшылар, құрылысшылар, ірі нысанда жұмыс істеп жатқан жұмысшылар, интернаттар мен азық-түлік кәсіпорындарының қызметкерлері, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласының жұмысшылары.

Астыртын ошақтарды табудың жаңа алгоритміне сәйкес, қалада эпидемияға қарсы шаралар қабылданып жатыр.

Әкімнің айтуынша, күшейтілген карантин аясында қалада көптеген кәсіпорындар мен ұйымдар жұмыс істеп жатыр. Бұл кәсіпорындарда 210 мың жұмысшы қызмет етеді.

Ал карантин аясында 727,8 мың жұмыс орны қысқарғаны анықталды. Қашықтан жұмыс істеуге білім беру, мемлекеттік басқару, ақпарат пен байланыс саласында 200 мың адам шыққан. Нәтижесінде 300 мың адам табыссыз қалған.

«Қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалын кезең-кезеңімен қалпына келтіру жоспарына сәйкес, экономикалық белсенділікті жандандыру үшін үлкен әлеуеті бар және сонымен қатар коронавирустық инфекцияны тарату қаупі ең төмен секторлар анықталды. Бұл - өнеркәсіп пен құрылыс салалары. Осы салалар қажетті санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып 20 сәуірден бастап іске қосылуы мүмкін», - деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Өнеркәсіп саласындағы шектеулерді алып тастау нәтижесінде 42,2 мың адам өз жұмыс орындарына оралады.

Құрылыс маусымының басталуына орай, сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және жаңа жобаларды іске асыруға бағытталған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 34,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу, әсіресе құрылыс саласында, жоспарда бар. Сонымен қатар, ауқымды құрылыс жұмыстарының басталуымен жобалаушылар мен іздестірушілерге, инжинирингтік компаниялар (авторлық және техникалық қадағалау), жобаларды сараптау сияқты мамандар мен қызметтер категорияларына қажеттілік пайда болады.

Бұдан өзге құрылыс саласының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында көтерме құрылыс нарығын ашу қажет. Осылайша, осы сала бойынша жұмыспен қамтылғандардың саны 45,3 мың адамға ұлғаяды.

Сондай-ақ, «БЖК-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын іске асыруға қатысатын кәсіпкерлердің кепіл мүлкін мемлекеттік тіркеу үшін нотариустар мен ХҚКО қызметін қайта бастау жоспарланыпотыр.

Алдын ала деректер бойынша, 20 сәуірден бастап жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны бір ай ішінде 89,4 мың адамға көбейеді.

Шектеулерді кезең-кезеңмен алып тастау қоғамдық көліктерді, соның ішінде аялдамалар мен метро аялдамаларын, кәсіпорындардың өздерінің жұмыс орындары мен халық көп жиналатын орындарды жаппай залалсыздандырумен қатар жүреді.


Соңғы жаңалықтар