Алматы экономикасы 3,2% өсті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша оң динамика қалыптасқан. Бұл туралы бүгінгі қалалық мәслихат сессиясында бюджетті жоспарлау бойынша отырыста айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы мәлімдегендей, 10 ай ішінде экономика 3,2%-ға өсті. Өндіріс өнімін шығару - 2,8%-ға, құрылыс көлемі - 4,7%-ға, тұрғын үй - 21%-ға, инвестиция - 17,8%-ға артты. Қала бюджетіне өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,7%-ға көп салық жиналды Мемлекеттік қолдау барысында 30 мың жұмыс орны құрылды. Көп жылдан бері алғаш рет жұмыссыздық деңгейі төмендеп, 5,2%-ды құрады.

«Әлемде жаһандық өзгерістер болып жатыр, технология жедел өзгеруде. Тек мегаполистер ғана инновация мен технологияның ошағына айналып, инвестицияны тартуда. Елбасы айтқандай, инвестиция, инновация, креативті жандар үшін жаһандық бәсеке қызып тұр.   Біз Алматыны бәсекеге қабілетті, экономикалық жағынан тұрақты, жайлы қалаға айналдыруға тиіспіз. Ол үшін қалада жыл сайынғы экономикалық өсім орташа 5% болуы, адам басына шаққанда ЖӨӨ 15 жыл ішінде 1,5, ал 30 жылда 3 есе артуы тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «HATCH» халықаралық кеңесшілерімен бірге Алматының 2050 жылға дейінгі Шеберлік жоспары жасалып, келер жылы дайын болады», - деді Бауыржан Байбек.

Айта кету керек, бүгін қалалық мәслихат сессиясында Алматының 2019 жылғы бюджеті нақтыланып, 525,2 млрд теңге мөлшерінде бекітілді.

Соңғы жаңалықтар