Алматы экологиясын ластаған компаниялар 78 млн теңге айыппұл төлейді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қоршаған ортаға зиянды зат шығарған кәсіпорындарға 78 млн теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ олар 249 млн теңге көлеміндегі қаланың экономикасына келтірілген шығынды өтейтін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2016-17 жылдары Алматыда 114 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Соның нәтижесінде табиғат пайдаланушыларға 79,859 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, экономикалық шығынды өтеу үшін 240,5 млн теңгеге наразылық талаптары ұсынылды», - деді ҚР ЭМ Алматы қаласы бойынша экология департаментінің басшысы Орман Аққозиев Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, былтырғы тексеру барысында қоршаған ортаға қалыптан тыс зиянды заттар шығарудың 13 дерегі анықталды. 45 кәсіпорынға әкімшілік  айыппұл салынған. 

Сонымен қатар, 2016-2017 жылдары шаруашылық-тұрмыстық және өндірістік-техникалық қажеттілікте жер асты суларын өндіретін және пайдалаланатын кәсіпорындар да бақылауда болған.

«Тексерістің нәтижелері бойынша, жер асты суларын өндіруші ұңғымасы бар 12 кәсіпорынның тек 3-уі ғана «Sinooil» ЖШС, «Асфальтобетон-1»ЖШС, «Темірбетон-1» ЖШС қолдану мерзімі 2014-2018 жылдарға арналған арнайы су пайдалануға рұқсаттары бар болып шықты, ал қалған 9 кәсіпорын «МАК Алматыгорстрой» АҚ, «Держава» ЖШС корпорациясы, «Масло-дел» ЖШС филиалы, «Салават-БС» ЖШС, «Казферросталь» ЖШС, «УПТК» АҚ, «МВТ» ЖШС, «АТКЭ» ЖШС, «АВЗ» АҚ 2014 жылдан бері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясынан арнайы су пайдалануға рұқсатын алған жоқ және рұқсатты ұзартқан жоқ», - деді Орман Аққозиев.

Оның айтуынша, жерасты суларын заңсыз өндіру табиғи ресурстардың сарқылуына әкеледі. ҚР Конституциясы 6-бабының 3-тармағына сәйкес жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады деген негізгі ережелері бұзылған.

«Қазіргі таңда азаматтық өндірістер бойынша 2016-2017 жылдардағы сот процестері толығымен аяқталған», - деді маман.

Департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімі 2016-17 жылдары барлығы 4 536 сынама алды. Соның ішінде атмосфералық ауа - 12, ұйымдастырылған көздерден (өнеркәсіптік шығарындылар) - 1 643, топырақ жамылғысы - 102, су - 476 және радиациялық бақылау - 4.

Бұдан басқа 11 844 қоршаған орта компоненттері талдаудан өтті.

Аналитикалық бақылау нәтижесі бойынша құны 1,7 млн теңге болатын 58 талап бойынша шығын өндірілді. Ал химиялық-талдамалық жұмыстар нәтижесінде құны 6,8 млн теңге болатын 131 айыппұл өндірілді.

Соңғы жаңалықтар