«Алматы - Екатеринбург» автожолында 3 адам қаза болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Астарахан ауданы аумағында жол апатынан 3 адам ажал құшты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жол апаты 27 мамыр күні сағат 10:40 шамасында «Алматы - Екатеринбург» тасжолының 15-шақырымында Колутон аулының маңында болды.

«Сол күні жауған қар аралас жаңбырдың салдарынан «Volkswagen Transporter» автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай Алматы облысының Сарыөзек ауылының тұрғыны басқарған «DAF» жүк көлігіне соғылған. Жол апатынан «Volkswagen Transporter» көлігінің жүргізушісі мен 2 жолаушы оқиға орнында көз жұмды», - деп көрсетілген хабарламада.

Қазіргі кезде, осы оқиғаға байланысты сараптама тағайындалып, ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалды.

Айта кетейік, 27 мамыр күні Бурабай ауданы аумағында тағы бір жол апаты орын алған еді. «Астана-Көкшетау» тасжолының бойында «Hyundai Grand Starex» минивен көлігі бос тұрған көліктік бақылау бекетінің ғимаратына соғылды. Онда да 3 адам оқиға орнында көз жұмып, 4 адам зардап шеккен еді.

Соңғы жаңалықтар