Алматы дүкендерінде сальмонелла бактериясы бар тауық еті анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті азық-түлік қауіпсіздігі бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізді. Рейд барысында екі дүкеннен алынған тауық етінен Salmonella таяқшаларының екі түрі табылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Смағұлов» ЖК, «Заманбеков» ЖК (Жетісу ауданы) дүкендеріндегі тауықтың саны етінен адам үшін қауіпті Salmonella еnteritidis, С1 тобындағы Salmonella бактериялары табылған. Сатушыларда бұл өнімнің  қауіпсіздігі туралы құжаттары да жоқ болып шықты. Дүкен иелеріне айыппұл салынып, осы өнімдерді жеткізушілерді анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді департаменттің баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ тексеру барысында қаладағы үш дүкен: «Оразалин» жеке кәсіпкерлігі (Әуезов ауданы), «Гусев» жеке кәсіпкерлігі (Бостандық ауданы) және «Ақмарал» дүкенінен (Медеу ауданы) пайдалану мерзімі өтіп кеткен тамақ өнімдері анықталды. Дүкендердің басшылығына айыппұл салынды.

Мамандардың айтуынша, жалпы Алматы қаласы бойынша 6 тағам өндірушінің санитарлық ережелерді сақтамағанын белгілі болды. Нысандардың басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Алматыда жыл басынан бері 164 субьектіге қатысты әкімшілік іс қозғалса, 34 іс сот органдарында қаралды. Жалпы алғанда 13,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Айналымнан жалпы құны 2 млн теңге болатын 5 мың 277 келі тауар алынып тасталды. 

Сауда орындарынан алынған 2469 сынаманың 35,6 % техникалық регламенттерге сай емес болып шықты.

Иллюстрациялық сурет

Соңғы жаңалықтар