Алматы-Дубай тікелей бағытының ашылуы экономикалық байланыстарды нығайта түседі - А.Есімов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы әкімі Ахметжан Есімов Дубай қаласы муниципалитетінің Бас директоры Хусейн Насер Лутаны қабылдады.

Мегаполис басшысы Алматы мен Біріккен Араб Әмірлігі арасында терең экономикалық байланыс орнағанын атап өтті. Алматы мен БАЭ арасындағы сыртқы саудадағы тауар айналымы 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге өсіп, 45,1 млн. АҚШ долларын құраған. Алматыда 22 біріккен кәсіпорын және БАӘ қаржысымен жұмыс істейтін 79 кәсіпорын тіркелген.

«Кеше біз екі қала арасында жиі қатынайтын авиабағыттың ашылуының тұсаукесеріне қатыстық. Бұл экономикалық және туристік байланысты нығайтатын болады», - деді Ахметжан Есімов.

Шаһар басшысы Алматының Еуразиялық экономикалық одақ пен «Жібек жолының» қаржы орталығы ретіндегі рөлінің маңыздылығын жеткізді. Бұдан өзге қалада исламдық қаржыландыру хабы да болады. Сонымен қатар, Алматы - әлемдік спорт пен туризм орталығы. Қала еліміздің туристік қызметінің 60%-ын қамтамасыз етеді.

Биыл Алматы ТМД-ның мәдени және Исламдық ұйымның білім, ғылым, мәдениет жөніндегі астанасы атанды.

Ахметжан Есімов екі жақты байланыс визасыз режімді енгізуге ықпал еткендігін айтты. Биылғы жылдың 8 айы ішінде статистикалық мәлімет бойынша БАӘ-ге 50 мыңға жуық қазақстандық барған.

Бұрындары Дубайға бару Шарджи және Әбу-Даби әуежайлары арқылы жүзеге асатын. Жаңа бағыттың ашылуы Алматы мен Дубай арасындағы қарым-қатынасты бұрынғыдан да нығайта түспек. «Алматы - Дубай» тікелей авиабағытының ашылуы туристер алмасуға оң ықпалын тигізеді. Дубайға транзиттік бағытпен баратындардың 65% - алматылықтар. Жаңа бағыттың ашылуы бұл санның одан ары артуына көмектеспек.

Өз кезегінде Хусейн Насер Лута екі қала арасындағы байланысқа мүдделі екендігін жеткізді.

«Дубай соңғы 20 жыл ішінде қарқынды дамыды. Экономиканың дамуында туризмнің атқарған рөлі зор. Біз Алматының туризм саласындағы әлеуетінің үлкен екендігін көріп отырмыз », - деді Хусейн Насер Лута.

Шара соңында екі тарап бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты және екі қала арасындағы бауырластықты орнату үшін келісім Жобасын жасау қажет деп шешті.

Соңғы жаңалықтар