Алматы дәрігерлері полицей қаққан оқушының жағдайы туралы айтып берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы дәрігерлері патруль көлігі қағып кеткен мектеп оқушысының жағдайы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы Денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұржан Исабековтың айтуынша, 2007 жылы туған, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен оқушы кеше 4-ші қалалық ауруханаға жеткізілген.

Баланы дәрігерлер тексеріп болған соң, балаларға жедел көмек көрсету орталығына ауыстырған. Оның қаны тексеріліп, сүйектерін тартты.

«Балаға шағын инвазиялық ота жасалды. Оның ахуалы қанағаттандырарлық. Сирағы сынған (балтыр сүйегі). Түнде тыныш ұйықтады», - деді Исабеков.

Маманның айтуынша, бас сүйегі де тексерілген. Науқас 10-12 күн шамасында дәрігерлер бақылауында болады.

Айта кетейік, Алматыда патруль көлігімен оқушыны қағып кеткен полиция қызметкері жұмысынан босатылғаны туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлаған болатын.

«Тәртіптік комиссияның шешімімен, Алматы қаласы ІІД басшысының 13 наурыздағы бұйрығымен, жаяу жүргіншіні қаққан кезде көлік рулінде болған Алматы қаласы ІІД ӘПБ ЖПП ҚҚ аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Н.Тұмабаев ішкі істер органындағы жұмысынан шығарылды, сондай-ақ оның серігі, Алматы қаласы ІІД ӘПБ ЖПП ҚҚ аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Б.Кембебаев та лауазымынан босатылды», - делінген ІІД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қазіргі уақытта аталған жол-көлік оқиғасын тергеумен қалалық ІІД Тергеу басқармасы айналысуда. Жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізуші заң талаптары бойынша жауапқа тартылады. Өндірістегі іске қатысты қажетті сараптамалар тағайындалады.

Еске сала кетсек, 13 наурыз күні таңертең Алматыда 2007 жылы туған мектеп оқушысын жаяу жүргінші жолағында жол-патруль полициясының көлігі қағып кетті.

 
Соңғы жаңалықтар