Алматы дәрігерлері менингитке шалдыққан сарбазды емдеп жазды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда дәрігерлер менингитке шалдыққан сарбазды емдеп жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пациент мамыр айының соңында авиациялық жедел жәрдеммен Шығыс Қазақстан облысынан Алматы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыр жағдайда жеткізілген болатын. Ол алғашында жасанды тыныс алу аппаратына қосылған еді.

Бір апта бойы медикаментозды ұйқыға жіберіліп, жансақтау бөлімінде жатты. Сарбазға антибактериалдық ем жасалды.

Стационарлық бөлім басшысының орынбасары Тамара Ұтағанованың айтуынша, науқас менингококк жұқпасының ауыр түріне шалдыққан.

«Жасалған емнің арқасында пациенттің беті бері қарады. Қазір оның жағдайы бірқалыпты деп бағаланып отыр. Науқас Алматыдағы ҰҚК госпиталіне ауыстырылды. Қазір оның жағдайына қауіп төндіретін ештеңе жоқ», - деді Тамара Ұтағанова.

Солдат инфекцияны Шығыс Қазақстан облысындағы әскери бөлімшеде жұқтырған. Ол борышын өтеуге Қарағанды облысынан шақырылған.

Соңғы жаңалықтар