Алматы дәрігерлері бас сүйегінде туабітті ақауы бар нәрестеге ота жасады

None
Фото: қалалық клиникалық балалар ауруханасы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы №2 қалалық клиникалық балалар ауруханасында ми мен бас сүйегінің ақауымен туған сәбилерге бірегей операциялар жасалады. Сондай отаның бірі краниосиностоз диагнозы қойылған 6 айлық нәрестеге жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Емдеу мекемесінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күрделі нейрохирургиялық операция балаларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін жүргізіледі.
Күрделі манипуляцияны жасауды алғаш қолға алған нейрохирург Азамат Жайылғановтың сөзінше, краниосиностозға шалдыққанда іште жатқан шарананың бас сүйегі бітіп, салдарынан сүйек пішіні бұзылады.
Айтуынша, еңбегі ерте қатып, бас сүйек пішіні бұзылған Демид есімді балаға краниосиностоз диагнозы 5 айында қойылған.
«Әдетте, баланың бас сүйегі үнемі өзгеріп отырады. Сүйек бөліктері бір-біріне тігіспен жалғанған, бұл оның дұрыс өсуіне мүмкіндік береді. Табиғатта сәбидің еңбегі шамамен екі жаста жабылады. Ал краниосиностозға шалдыққан балада ерте жабылып, бастың жабылмаған тұсы өсіп, пішіні бұзылады», - дейді дәрігер.
Сонымен қатар ол дер кезінде шара қолданбаса миға қысым күшейіп, баланың психикалық дамуы тежеліп, зағиптық және басқа да бірқатар неврологиялық ауруға душар болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Демидке шағын инвазивті хирургиялық операция жасалды. Бала отадан кейін төртінші күні ауруханадан шықты», - дейді Азамат Жайылғанов.
Әкесінің айтуынша, хирургиялық емнің нәтижесі бірден көріне бастаған. Бастапқыда диагноз қойылғаннан кейін сары уайымға салынған ата-ана перзентін шетелге апарып емдету жағын ойластырыпты.
«Қазір Демидтің жағдайы жақсы. Мұның бәрі қазақстандық балалар нейрохирургтерінің, қолы алтын дәрігер Азамат Әбікенұлының арқасы», - дейді сәбидің әкесі.


Соңғы жаңалықтар