Алматы дәрігерлері ауыр дертке шалдыққан 20 жастағы бойжеткенді аман алып қалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы дәрігерлері аса қауіпті бауыр дертіне шалдыққан 20 жастағы бойжеткенді ажал аузынан арашалап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Тұңғыш рет Қазақстандық дәрігерлер өткір фульминантты бауыр жеткіліксіздігімен ауыратын адамның бауырын ауыстырды. Бірегей отаны 21-ақпанда А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығының трансплантологтар бригадасы жасады. Әлемде осындай оталардан соң пациенттердің 70 пайызы көз жұмады екен. Аида есімді бойжеткен осыдан 2 ай бұрын ауырып ауруханаға түскен. Дәрігерлер оған гепатит деген диагноз қойған.
null

Қан талдауында билирубиннің көтерілгені, гипокоагуляция, гликемия байқалған. Жүргізілген емнен соң пациенттің жағдайы одан әрі нашарлай түскен. Бірнеше рет жиналған консилиум барысында дәрігерлер ең соңғы жол - бауыр ауыстыруға кіріскен. 21-ақпанда А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығының дәрігерлер бригадасы ота жасады. Аидаға бауырының бір бөлшегін немере ағасы Мерей беруге келісті.
«Мұндай ота Қазақстанда тұңғыш рет жасалды. Сонымен қатар сәтті өтті. Уақытында жасалған отаның арқасында Аида да, Мерей де ұзақ өмір сүре алатын болды», - деді профессор Болатбек Баймаханов.

null

Профессордың айтуынша, бауыр трансплантациясы іш құрылысындағы ең күрделі ота болып табылады. Бауырдың фульминантты жетіспеушілігі дәрілік заттар мен токсиндермен уланған кезде пайда болуы мүмкін. Әлемде 100 000 адамға шаққанда 19 жағдайда осындай диагноз қойылады.

Соңғы жаңалықтар