Алматы дәрігерлері АҚШ-тан арнайы рейспен жеткізілген қазақстандықтың денсаулығы жайлы түсініктеме берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері кеше Алматыға АҚШ-тан арнайы рейспен жеткізілген науқас әйелдің денсаулығы жайлы айтып берді.

Әзірге науқастың жағдайы ауыр хәлде болып отыр, дейді мамандар.

«11 желттоқсанда науқас Алматыдағы жедел шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасына түсті. Бірақ, бір қуаныштысы, денсаулығы нашарлап бара жатқан жоқ, тұрақты. Әзірге өздігінен тамақ іше алмайды, есін білгенмен, ми қызметіне үлкен зақым келген. Бізде мұндай науқастарды емдеуде жеткілікті тәжірибеміз бар. Алматыда 4 инсульт орталығы: №7, №4, орталық қалалық аурухана, жедел шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасында шоғырланған. Жыл сайын жедел шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасының өзіне 700 ден астам науқастардың 5-тен 1-і, яғни 20 пайызы геморрагиялық инсультпен түседі. Әзірге бұдан артық ештеңе айта алмаймыз. Мұндай диагнозбен түскен науқастарға ұзақ мерзімді оңалту шаралары талап етілері анық», - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Манас Рамазанов. Естеріңізге сала кетейік, Сан-Франциско қаласында сапарлап жүрген қазақстандық азаматша Елена Ремизова 7 қазанда геморрагиялық инсульт алып құлаған болатын. Содан бері АҚШ дәрігерлері Еленаға 4 рет ота жасаған.

Науқастың денсаулығы жолаушылық рейспен ұшуға жарамағандықтан, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің араласуымен санитарлық авиация ұымдастырылған еді. 48 сағатқа созылған сапарда ұшақ науқастың денсаулығы нашарлауына байланысты жолда Литва, Исландия, Англияда тоқтауға мәжбүр болған. Исландияда оған госпитальде шұғыл көмек көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар