Алматы дәрігерлері 14 антибиотиктен көз жұмған пациент туралы айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Медеу аудандық №1 емханада дәрігерлер маманның рецептінсіз антибиотик қабылдаудың арты неге соғатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№1 емхананың бас дәрігері Сапар Рахменшеев антибиотиктің адам ағзасына пайдасымен қатар зияны да жетерлік екенін атап өтті.

«Адам өз бетінше емделмеуі керек. Қарапайым адамдар антибиотиктердің зияны мен кері әсерлерін біле бермейді», - деді Сапар Рахменшеев.

С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі, профессор Әділ Қатарбаев антибиотикті бей-беректе қабылдаудың соңы жақсылыққа әкелмейтінін айтты.

«Бізде сондай жағдай болды. Өкпесі қабынған адам 2 айда 14 түрлі антибиотик қабылдаған. Соның кесірінен ол адам көз жұмды. Антибиотик - фармацевтикалық бизнестің бір көзі. Дәріханаларда толып тұр. Іздеген адам интернеттен қарай салады. Ал көп адам оның кері әсерін білмейді. Антибиотик терапиясы әр адамның жеке басының ерекшелігіне қарай жүргізілуі керек. Дәрігердің берген дозасын өзгертуге болмайды», - деді Қатарбаев.

Сонымен қатар профессор жөн-жосықсыз антибиотик жаза беретін дәрігерлер арнайы біліктілігін арттыру курстарына жазылуы керектігін айтты.

Оның айтуынша, антибиотик жазуға ең бастысы арнайы талдау, ең аз дегенде  қан талдауы болуы керек.

Соңғы жаңалықтар