Алматы дәмханасында болған жарылыстың мән-жайы белгілі болды (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Мақатаев көшесінде орналасқан «Керемет» дәмханасында болған жарылыстан ғимарат ішіндегі гипсокартон қабырғалар бұзылып, терезелердің жақтауы сынған. Дүмпу шамамен 50 шаршы метр аумақты қиратқан. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек айтты.

«Жарылыс туралы хабар кезекші пультіне түнгі сағат 21:52-де түсті. Оқиға орнында Медеу аудандық ІІБ жеке құрамының 45 қызметкері жұмыс жасады. Алдын ала болжам бойынша, жарылыс газды ауаның жиналғандығынан болған. Жарылыс салдарынан гипсокартон қабырғалар бұзылып, терезелердің жақтауы сынған. Шамамен 50 шаршы метр жер қираған», - деді С.Әзірбек.

Оның айтуынша, жарылыстың нақты неден болғаны анықталуда. Әзірге тергеуалды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Төтенше жағдай орнында өрт сөндіру қызметінің 27 адамы мен 3 техника жұмыс істеді.

Төтенше жағдайдан 18 адам, оның ішінде дәмхана қызметкерлері, келушілер зардап шеккен», - деді ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлшат Дәуренбекова.

Дәл қазір дәмхана ішінде қирандыларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дәмханаға жапсарлас орналасқан дүкен иелері де қабырғаларына зақым келгенін айтты.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лейла Кеңесбаеваның айтуынша, 18 адамның 10-ы - облыстық ауруханада, біреуі қалалық емханада, 2 адам қалалық ауруханада ем қабылдап жатыр. Жарақат алған 5 адамға амбулаторлық көмек көрсетіліп үйлеріне жіберілді. Олардың көбі күйік жарақатымен түскен.

Соңғы жаңалықтар