Алматы дәмханасында болған жарылыстан жапа шеккен азаматша болған жайды айтып берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда кеше «Керемет» кафесінде болған жарылыс туралы төтенше жағдайдан жапа шеккен Инкужекова Майра айтып берді.

Естеріңізге сала кетейік, жарылыс кеше сағат 21:52-де Мақатаев көшесінде орналасқан «Керемет» дәмханасында орын алған болатын.

«Кеше сағат 9-дарда дәмхананың сыртқы жаздық үстелдерінде үш қыз тамақтанып отырғанбыз. Кенет дәмхана қызметшілері, әкімшілер, даяшылар ары-бері жүгіріп, сабыла бастады. Біз іште төбелес болып жатқан ғой деп, қамсыз отыра бердік. Сол-ақ екен құлақ тұндырған жарылыс естілді. Ары қарай білмеймін. Есімнен танып қалыппын. Оянсам, жедел жәрдем көлігінде кетіп бара жатырмын. Олардың айтуынша, мені көшеден тауып алған. Қатты басым ауырып, үреймен түстім. Қазір жағдайым жақсы болып қалды», - деді Инкужекова Майра.

Қазір Майра №7 қалалық ауруханада емделіп жатыр. Бұл мекеменің хирургия бөліміне кеше жарылыстан зардап шеккен 2 адам түскен.

«Біздің ауруханаға үш науқас түсті. Әр түрлі жарақаттармен хирургия бөліміне - 2, травматология бөліміне 1 адам түсті. Нұров Ханжа деген жігіт көкіректің жабық жарақатымен түсті. Бүгінгі жағдайы қалыпты. Өміріне қауіпті жағдай жоқ. Инкужекова Майра бастың жабық жарақатымен, беттің жұмсақ тіндерінің сызаттарымен түсті. Екеуіне де қабылдау бөлімінде қызмет көрсетілді. Қазір ем алып жатыр. Қазір олардың жағдайы тұрақты», - деді №7 қалалық аурухананың ақылы хирургия бөлімінің меңгерушісі Бекішев Бахтияр.

Төтенше оқиға туралы хабар кезекші пультіне түнгі сағат 21:52-де түсті. Алдын ала болжам бойынша, жарылыс газды ауаның жиналғандығынан болған. Жарылыс салдарынан гипсокартон қабырғалар бұзылып, терезелердің жақтауы сынған. Шамамен 50 шаршы метр жер қираған. Жарылыстан барлығы 18 адам жапа шеккен.

Соңғы жаңалықтар