Алматы бюджеті 39 млрд. теңгеге ұлғайды - Ахметжан Есімов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы бюджеті 39 млрд. теңгеге, оның ішінде 21 млрд. теңге - жергілікті бюджеттің есебінен, 18 млрд. теңге республикалық бюджеттің есебінен ұлғайды. Бұл туралы қала әкімі Ахметжан Есімов «Алматы бюджетін нақтылау» атты жиналыста мәлім етті.

«Биылғы бірінші тоқсан бойынша бізде оң динамика қалыптасты. Инвестициялар бойынша өсім 122 пайызды құрап, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, байланыс салаларында да өсу үрдісі байқалды», - деді ол.

Әкім бірінші тоқсандағы қарқынды сақтап қалудың маңыздылығын атап өтті.

«Оң нәтиже біздің бюджетіміздің табыс келтіретін бөлігін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Жергілікті бюджеттен біз қосымша 21 млрд. алып отырмыз, ал республикалық бюджеттен трансферт ретінде 18 млрд. алдық. Нәтижесінде бюджет 39 млрд. теңгеге ұлғайды. Мұндай сан бұрын-соңды болған емес», - деп қорытындылады ол.

Қала басшысының айтуынша, Алматының дамуында Елбасының 27 наурызда өткізген кеңесі үлкен рөл атқармақ. Жиналыс барысында Мемлекет басшысы қаланың дамуына байланысты бірқатар өзекті мәселелерді қозғап, бірнеше хаттамаға қол қойған болатын. Атап айтқанда, бюджетті кезекті нақтылау кезінде қосымша қаражат бөлу жайлы үкіметке тапсырма берілді.

«Ендігі кезекте алғашқы қарқынды жоғалтып алмай, қаламызды дамыту, көркейту жолында одан әрі белсенді еңбек ету керек», - деді А.Есімов.

Соңғы жаңалықтар