Алматы ботаникалық бағында құстардың 300-ге жуық түрі бар

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы ботаникалық бақтың аумағында құстың 300-ге жуық түрі мекендейді. Бұл туралы бақтың әлеуметтік желідегі парақшасында жазылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ботаникалық бақтың мәліметінше, бақ аумағында құстардың 300-ге жуық түрі мекендейді. Мұнда үкі, қырғауыл, үйрек, жолақ, көгершін және шоқпар секілді құстардың түрлерін кездестіруге болады. Сондай-ақ, бақ ұжымы бүгін, яғни, 1 сәуір - Халықаралық құстар күні екенін мәлімдеді.

«Бұл экологиялық мерекенің мақсаты – құстардың мәселелеріне назар аудара отырып, жер шарындағы құстардың түр алуандығы мен көптігін сақтау. Құстар бізге таныс барлық экожүйелердің маңызды қатысушылары болып табылады, олардың жойылуы нағыз табиғи апатқа әкелуі мүмкін. Құстар - тұқымның таралуына ықпал етеді, омыртқасыздардың (құрттар, моллюскалар, жәндіктер) және омыртқалылардың (қосмекенділер, кеміргіштер) санын реттейді. Құстар тышқан тәрізді кеміргіштерді, жәндіктерді, орман және ауыл шаруашылығына зиянды арамшөп тұқымдарын жояды. Олар пестицидтерді қолдануды айтарлықтай азайтуға көмектеседі. Біз құстардың ағаштар мен өсімдіктердегі зиянды жәндіктерді жою арқылы әкелетін пайдасын бағалаймыз», - деп жазады бақ ұжымы.

Алматылықтар ботаникалық баққа көмек ретінде екі жылдан бері құс ұяларын әкеліп беруде екен.

«Құстардың санын көбейту үшін қыста ұялары мен жемшөптерін іліп, тамақтандырамыз. Екі жылдан бері қамқор алматылықтар біздің көмекке шақыруымызға үн қосып, ботаникалық баққа құс ұяларын әкеліп жатыр, бұл үшін алғысымыз шексіз. Құстар көктемде ұяларға қоныстанып, балапандарын шығаруы үшін бақшаның оңаша бұрыштарына құс ұялары ілініп қойылады. Қанатты достарымызға қамқор болып, оларды қорғайық», - деп жазды ботаникалық ұжымы желіге.

Еске салайық, Алматыдағы ботаникалық баққа аққулардың оралғаны туралы жазған едік.


Соңғы жаңалықтар