Алматы: Босанған 20 жастағы келіншектің өлімі бойынша тергеу басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда екінші перзентіне босанған 20 жастағы келіншек көз жұмды. Марқұм Әнел Артықованың анасы бұған дәрігерлерді кінәлап отыр. Айнаш Сазбаева қызының денсаулығына немқұрайлы қараған дәрігерлерді сотқа бермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айнаш Сазбаеваның айтуынша, қызы Әнел Алматы қалалық Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына 28 қаңтарда толғатып түскен. Таңғы сағат 9-дан түнгі 2-ге дейін босана алмаған соң, дәрігерлер баланы кесарь тілігімен алуды шешкен. Нәресте аман-есен туған. Ал анасының денсаулығы үшінші күні нашарлай бастаған.

«Үшінші күні қызым ыстығы көтеріліп, қалтырай бастады. Перзентханада дәрігерлер система салып, қызуын түсіруге тырысты. Жағдайы жақсарған сияқты болды. Жетінші тәулікте қызым үйге шығарылды. Бірақ қызуы түспеді. Дәрігерлер отадан соң солай болатынын айтты. Оныншы тәулікте ота орнындағы тігіс жібін алдыруға барғанда жара жақсы жазылып келе жатқанын айтып, қайтарып жіберген. Үйге келгенде мүлде жағдайы нашарлап, тамақ ішуден, жүріп-тұрудан қалды. 12-тәулік болғанда жедел жәрдеммен Орталық клиникалық ауруханаға алып кетті. Онда дәрігерлер консилиум жинаған. Айтуынша, 2 литрге жуық іріңді су алған», - деді анасы Айнаш Сазбаева.

null 

Әнел соңғы отадан кейін оянбай қалған.

«Мен баламды босандыруға әкелдім. Оның артында екі баласы жетім қалды. Екі аптада қызым көз алдымда солып барып көз жұмды. Бұл дәрігерлердің ұқыпсыздығы деп білемін. Белгілі болғандай, қызымда босанудан кейінгі сепсис болған екен. Тіккен жіптері ағзада қалып қойған», - деді анасы.

Айнаш Сазбаева қызының денсаулығына немқұрайды қараған тұлғаларды соттатуға дайын екенін айтты.

«Олар үйге бірнеше рет келіп, кешірім сұрады. Конверт бермек болды. Қызымды перзентханадан шығарар кезде ультра-дыбыстық зерттеу де, талдау да жасамаған. Мен оларды соттатуға дейін барамын», - деді ол.

Келіншектің өлімінен соң ауруханада жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде медициналық қызметкерлер тарапынан болған бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.

«Комиссия бірнеше заңбұзушылық болғанын анықтады. Босанған келіншектің жағдайын дұрыс бақыламаған. Жағдайы қиын екендігіне дұрыс баға бермеген. Анамнез толық жиналмаған. Перзентханадан шығармас бұрын жасалатын шаралар толық жүзеге аспаған. Пациентке амбулаторлық-емханалық бақылау жүргізілмеген», - деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Майра Үкібай.

Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, барлық деректер құқық қорғау органдарына тапсырылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. 

null 

Соңғы жаңалықтар