Алматы блокпостындағы жол апатын Ішкі істер министрлігі тергейтін болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматыда блокпоста тұрған екі полицейдің өліміне себеп болған жол-көлік оқиғасын Ішкі істер министрлігі тергейтін болды. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта қызметтік тексеру жүргізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында менің бұйрығыммен 9 басшыны жазалап, үшеуі кадрлық кемшіліктерге жол бергені үшін қызметінен босатылғанын жарияладық. Бұған қоса, тексеру барысында фактілер анықталды. Бізде Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының күдікті Азаматовтың 21-і күні яғни, жол-көлік оқиғасынан 4 күн бұрын жұмыстан шығарылғаны туралы бұйрығы бар», - деді Ерлан Тұрғымбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Министр аталған оқиғаның басқа да мән-жайын қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатқандықтан жария ете алмайтындығын айтты.

«Өзіндік қауіпсіздік департаменті тексеру жүргізді. Сонымен қатар Тергеу департаменті аталған қылмыстық істі Алматы облысынан өзіне алып, енді Ішкі істер министрлігі тарапынан тергеліп жатыр. Өйткені, бұл іс қызметтік міндеттерін орындау барсында постта қайтыс болған қызметкерлерімізге, қатарымызда болған бұрынғы қызметкерімізге қатысты», - деді ол.

Еске салайық, 25 мамыр таңғы сағат 05:26-да BMW маркалы көліктің 28 жастағы жүргізушісі мас күйінде блокпостағы полиция көлігіне соғылды. Салдарынан екі полиция қызметкері көз жұмды.

Ал зардап шеккен үшінші полицей жақында ауруханада есін жиды.

Осы оқиғадан кейін Алматы қалалық Полиция департаментінің 9 қызметкері тәртіптік жазаға тартылды. Үш лауазымды қызметкер жұмысынан босатылды.

Күдікті ҚР ҚК-нің 345-бабы 1-бөлігіне сәйкес 7-ден 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкіндігін бұған дейін жазған болатынбыз.






Соңғы жаңалықтар