Алматы-Бішкек тас жолындағы апат: 22 жастағы жігіт жансақтау бөлімінде көз жұмды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы-Бішкек тас жолындағы апатында зардап шеккен үшінші жолаушы қайтыс болды. Дәрігерлер 22 жастағы жігіттің өмірін арашалап қала алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарыағаш ауылының тұрғыны Айтбаев Әкімжан жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген соң жансақтау бөлімінде көз жұмды. Қазір жансақтау бөлімінде тағы бір пациент 28 жастағы бойжеткен Гүлсапар Алфеева жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, жол апаты болған жерден 28 адам Жамбыл аудандық орталық ауруханасына жеткізілген.

«Барлығы 28 адам жеткізілді. 2 адам оқиға орнында көз жұмған болатын. Олар Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары, 36 жастағы Юрий Жұмабеков, 42 жастағы Рысхан Ерубаев деген азаматтар сол жерде қайтыс болды. Жол апаты болған жерден 2 адам жансақтау бөліміне түсті. Олардың бірі көп ұзамай көз жұмса, екіншісі Гүлсапар деген қыздың қазір жағдайы қалыпты. Алғаш келгенде шок жағдайында түскен. Мойын омыртқасы зақымданып, жұмсақ тіндері, кеуде қуысы соққы алған. Миы жарақат алған», - деді Жамбыл аудандық Орталық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Ботагөз Медетбекова.

Оның айтуынша, 17 адам амбулаториялық ем қабылдауға үйіне қайтарылған. Оларға облыстан келген білікті мамандар, реаниматолог, нейрохирург, травматологтар ем жасады.

Автобуста жараланғандардың арасында Қаскелең қаласының 7 жастағы тұрғыны Қарабек Ернұр да бар. Баланың жағдайы қазір бірқалыпты болғандықтан, үйіне қайтарылды.

Қазір ауруханада 5 адам: 4-уі хиругия бөлімінде, 1 адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Айта кету керек, жол-көлік апаты Алматы облысындағы Ұзынағаш  кентінің маңында болған. 43 жолаушысы бар автобус Шымкенттен Алматыға қарай бағыт алған. Бастапқы болжам бойынша 41 жастағы автобус жүргізушісі тайғақ жолда көлік тізгініне ие бола алмаған.

«Жол-көлік оқиғасы Алматы-Бішкек тас жолының 62-ші  шақырымында бүгін таңертең сағат 8:00-дер шамасында болды. Келіп түскен ақпаратқа сәйкес, екі адам оқиға орнында мерт болған. Ал ауруханаға түрлі дене жарақатымен он адам түсті. Оның біреуі кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім», - деді облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-ші бөлігіне сәйкес іс қозғалып, тергеу жұмыстары жалғасуда. Негізінен жол апатында ОҚО, Алматы тұрғындары, Өзбекстан, Қарақалпақстан азаматтары зардап шеккен.

Соңғы жаңалықтар