Алматы бас жоспарының авторы 2030 жылға қарай қаланың келбеті қандай болатынын айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы бас жоспарының авторы Алтай Сатыбалдин қаланың 2030 жылға қарай қалай өзгеретінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Алматы қаласының жаңа бас жоспары биыл жылдың соңына дейін қабылданып, бекітілмек. Жоба 2,4 млн тұрғынға есептеліп жасалған.

Бас жоспардың авторы қаладағы қазіргі өзгерістер болашақтағы келбетінен сипаттап береді.

«Көп жылдар бойы Алматы кеңестік парадигмамен дамыды. Көшелерді кеңітіп, көліктерге жағдай жасалып келді. Өзгеріс жасайтын уақыт келді. Қазіргі жөндеу жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді. Жыл сайын қайта-қайта жөндеу жұмыстарынан гөрі барлығын 1 жылда жасап үлгерген жөн. Алматының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасына сәйкес, қаламызды көліктер үшін емес, адамдарға ыңғайлы етіп салатын боламыз», - деді Алтай Сатыбалдин. 

Оның айтуынша, ең басты өзгеріс экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталмақ, көліктердің жаңа түрі жеңіл рельсті көлік, метро, БРТ дамымақ.

«Қаланың шекарасы ұлғаймайды. Біздің алдымыздағы басты міндет - қаланың айналасындағы агломерацияны түгел дамуына жағдай жасау. Сырттағы аймақтарда да ыңғайлылық болуы керек. Осылайша сырттан келетін адамдарға қалаға келудің қажеттілігі болмайды», -деді сәулетші.

Сондай-ақ, қаладағы жасыл желек көлемін де ұлғайту көзделген.

«Бүгінгі таңда бір адамға 4 шаршы метр жасыл желек келеді. Бұл өте аз. Жаңа бас жоспар бойынша бұл көрсеткішті 13 шаршы метрге дейін ұлғайту міндеттелген», - деді А.Сатыбалдин.

Сонымен қатар, құжатта Алматы Қапшағай тас жолындағы бос жерге жаңа әуежай салу, Алматы үлкен айналма жолының құрылысы мәселесі де көтерілген.

Бас жоспардың авторы Алтай Сатыбалдин қандай өзгеріс болмасын, қала ғимараттарының тарихи сипаты сақталатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар