Алматы балабақшалары баланы туыстарына сенімхат көрсеткен кезде ғана береді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы балабақшалары баланы туыстарына нотариалды куәландыратын сенімхатты көрсеткен кезде ғана береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балабақшадағы баланы ата-анасы алу керек. Туыстары келген жағдайда қолдарында міндетті түрде нотариалды сенімхаты болуы тиіс. Мектепке дейінгі мекемелерде бұл үрдіс бұрыннан бар. Алайда, балабақша басшылығы мен тәрбиешілер ата-аналардың сұрауы бойынша рұқсат етіп жүрген.

«Балабақшадан кішкентайларды ата-анасы алу керек. Бұл талап бұрыннан бар. Көп жағдайда ата-аналар тәрбиешілерге қоңырау шалып балаларын туыстарына немесе таныстарына беруін сұрайды. Ата-аналардың жағдайына түсіністікпен қараған балабақша қызметкерлері келіседі. Енді, оған қатаң түрде тыйым салынды. Біз балаларды қорғауымыз керек. Сондықтан, бүгіннен бастап бүлдіршіндерді туыстары тек нотариалдық түрде куәландыратын құжатты көрсеткен кезде ғана алуға құқылы», - дейді Алматы қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Әлия Сағиева

Естеріңізге салайық, кеше Алматыда балабақшадан бала ұрламақ болған әйел ұсталды. Күдікті сол мектепке дейінгі білім беру мекемесінің тәрбиешісі болып шықты.

Соңғы жаңалықтар