«Алматы ауыр машина жасау зауыты» дамудың жаңа даңғылына шықпақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласындағы ірі кәсіпорындардың бірі «Алматы ауыр машина жасау зауыты» дамудың жаңа даңғылына шықпақ. Кәсіпорынның бүгінгі жеткен жетістіктері мен болашақтағы даму мақсаты туралы зауыттың сапа бақылау қызметінің басшысы Ермек Төлемісов баяндап берді.

«Алматы ауыр машина жасау зауыты» 1941 жылы негізі қаланған ірі кәсіпорын. Алғашында соғысқа қажетті өнім шығарған өндіріс 1946 жылдан бастап бейбіт мақсаттағы миссияға көшкен. Сол жылдардан бастап металлургияға қажетті құрал-жабдық өндірісі жолға қойылып келеді.

2000 жылы мұнай-газ, тау-кен өндірісіне қажетті импортты ауыстыратын өнім шығаруда сіңірген еңбегі үшін зауыт басшылығы Қазақстан Республикасының Үкіметінің марапатына ие болды.

2001 жылы компания аталған бағыттағы өнімді өндіруге әрі жобалауға мемлекеттік лицензияға қол жеткізді.

Қазіргі таңда «Алматы ауыр машина жасау зауыты» -Алматыдағы жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырған аса ірі өндіріс орындарының бірі.

Қазақстанның ірі компаниялары «Қазхром», «Арселор Миттал» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «ӨзенМұнайГаз» АҚ, «Қазақмыс» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Алматы электр стансалары» АҚ аталған зауыттың ірі тұтынушылары болып табылады.

Кәсіпорын Алматы метросын жабдықтауға да өз үлесін тигізді. Биылдың өзінде зауытта айына түрлі құрал-жабдықтардан бастап майда бөлшектерге дейін жалпы құны 150 млн. теңгенің өнімі шығарылды.

Зауытта бүгінгі таңда 550 адам жұмыс жасап отыр. Олардың әлеуметтік жағдайы толығымен зауыт басшылығының назарында. Дағдарыс басталғалы бері штаттық қысқарту болған жоқ. Керісінше, зауыт басшылығы техникалық жоғарғы оқу орындарынан жас мамандар тартумен белсене айналысып жатыр. Соңғы екі айда зауытқа 15 жас маман келіп орналасты.

Болашақта да штаттан тыс конструктор, металлург мамандарды жұмысқа тарту жалғасын таппақ.

Ермек Төлемісов мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек туралы да тілге тиек етті.

Оның айтуынша, ең алдымен зауыттың қызметін қолдау қазақстандық қамтуды арттыру аясында беріледі.

«Жылдың басында Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен «Маңғыстау мұнайгаз», Алматы электр стансалары компанияларымен уағдаластыққа қол жеткіздік. Белгіленген уақыт аралығында тұтынушыларымыз бізге үнемі тапсырыс жасап отырады. Бізге жер қойнауын пайдаланушылар реестрі бойынша тендерде шартты түрде 20 пайыз жеңілдік беріледі. Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының реестрінде де 15 пайызға дейін жеңілдіктер беріледі. Мұның барлығы мұнай және тау-кен өндірісіндегі қазақстандық қамтуды арттыру үшін жасап отырған мемлекеттік қолдау», - деді Е.Төлемісов.

Сондай-ақ, зауыт басшылығы ірі мұнай өндірушілерімен ұзақ мерзімді, яғни 3-5 жылға келісімге келген. Әдетте мұндай келісімдер тек 1 жылға жасалады.

Әлемдік экономикадағы ахуалды ескере келе, зауыт қазір дамудың жаңа жолына шықпақ. Кәсіпорын өндірілетін тауарлардың ассортиментін кеңейте отырып, көрші елдердің нарығын игеруге ниетті.

Әсіресе, теңге мен рубль құнының теңесіп қалуына байланысты зауыт Ресей нарығындағы көлемін одан әріұлғайтуға мүдделі.

«Біздің өнімдеріміз ТМД елдері көлемінде экспортталады. Ресей, Өзбекстанмен тығыз қатынастамыз. Тәжікстан, Украинамен де жұмыс жасап келеміз. Алыс шетелді айтсақ, Жапония, Испания, АҚШ, т.б. әлемнің 32 мемлекетімен біздің зауыт байланыс орнатқан», - деді Е.Төлемісов.

Соңғы жаңалықтар